Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Полицияда қызмет еткен қарағандылық ине салынғаннан кейін өліп кетті

Жарияланған күні:

Қайтыс болған Төрежан Мақашев
Қайтыс болған Төрежан Мақашев. Фото: instagram.com/patriotkaragandy

Қарағанды ауруханасында ер адам аллергияны қоздыратын препарат салынғаннан кейін қайтыс болды. Науқастың туыстары дәрігерлерді жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ер адамның қазасы туралы хабарлама "Патриот Караганды" Instagram-парақшасында жарияланды.

40 жастағы Төрежан қарашаның басында ауруханада анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Ер адамның туыстарының айтуынша, Қарағандыдағы облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері пациенттің ЦЕФ-3-ке қатты аллергиясы бар екенін айтқанына тиісті назар аудармай, оған осы препаратты салған.

"Менің бауырым Төрежан ауруханаға жоспарлы пациент ретінде мемлекеттік қызметтер порталы арқылы түсті. Ол ешқандай асқынусыз геморройды алып тастау үшін әдеттегі операция жасатуы керек еді. Дереу дәрігерлерге Цеф-3 препаратына және новокаинге аллергиясы бар екенін айтты. Дәрігерлер оның білегіне осы препараттарға аллергияның бар-жоғын білдіретін арнайы көк жапсырмалары бар білезік тақты. Бірақ , неге екенін, медбике Цеф-3 инъекциясын салған. Төрежан бірден қызарып, тұншығып, кенеттен қайтыс болды. Реанимациялық шаралар көмектеспеді", - деді ер адамның туысы Арман Мақашев.

Төрежанның артында әйелі мен үш баласы қалды. Ер адамның өзі қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмыс істеген.

"Дәрігерлер немқұрайдылығымен және біліксіздігімен бауырымды өлтіріп алды. Геморройды алып тастау операциясы тіпті басталмаған! Науқастың Цеф-3-ке қатты аллергиясы бар екенін біле отырып, бұл инъекцияны қалай енгізуге болады? Дәрігерлер осыған назар аудармаса, олар білезіктерді не үшін тағады? Олар жоспарлы пациенттерге немқұрайды қарап, препараттарды барлығына бірдей стандартпен енгізе береді! Бірақ адамдар әртүрлі, жеке аллергиялық реакциялары бар! Ер адам әдеттегі жоспарлы операцияға кетті, бірақ дәрігерлердің немқұрайдылығынан қайтыс болды", - деп ашуланды Арман Мақашев.

Жарияланымға қатысты Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының өкілдері жауап берді - медициналық мекеменің түсініктемесі жазбаға пікір ретінде жазылған. Ауруханадағылар қайтыс болған науқастың туыстарынан кешірім сұрады.

"Науқасқа операция кезінде ықтимал асқынулардың алдын алу үшін профилактикалық мақсатта "Цефтриаксон" препараты тағайындалды. Науқастың "Цефтриаксон" препаратына аллергиясы бар екені айтылғанын ескере отырып, клиника дәрігерлері аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсету стандартының талаптарына сәйкес оны енгізер алдында теріішілік аллергиялық сынақ тағайындады, ол теріс нәтиже көрсетті. Науқастың амбулаториялық картасында аллергиялық реакцияның бар екені туралы деректер жоқ", - деді аурухана өкілдері.

Мекемедегілер препаратты енгізгеннен кейін анафилактикалық реакция болғанын растады.

"Өкінішке қарай, реанимация дәрігерлерінің аман алып қалу үшін жасаған әрекетіне қарамастан, науқас қайтыс болды. Аурухана дәрілік препаратты қолданудың жағымсыз салдары туралы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына хабарлама, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі өлім туралы шұғыл хабарлама жолдады", - делінген аурухана хабарламасында.

Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылады. Қазір ауруханада жоспардан тыс тексеріс жүріп жатыр, оның нәтижелері бойынша шаралар қабылданады.

Жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментінің өкілдері де түсініктеме берді.

Ведомство тергеу қаулысы бойынша аллергология, клиникалық фармакология, терапия, хирургия, реанимация және патологиялық анатомия саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, пациентті жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі мән-жайларды анықтау және ережебұзушылықтарды анықтау үшін көрсетілген медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасы мәселелері бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын растады.

"Тексеріс нәтижелері бойынша қорытынды жасалады, қорытындылар процестік шешім қабылдау үшін тиісті инстанцияларға, сондай-ақ, мүдделі тұлғаларға жіберіледі", - деп хабарлады департаментте өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2048921-policiyada-qyzmet-etken-qaragandylyq-ine-salyngannan-keiin-olip-ketti/