"Пәтер ішінде бала болды": Павлодарда үш қабатты тұрғын үйде өрт шықты
Жарияланған күні:
Бүгін, желтоқсанның 18-і Павлодарда үш қабатты үйдің ең жоғарғы қабатында екі бөлмелі пәтер өртенген. Өрт сөндірушілер тұрғын үйде болған кәмелет жасқа толмаған баланы құтқарды, деп хабарлайды ТЖМ Telegram-дағы ресми арнасы.
Ведомство ақпараты бойынша, желтоқсанның 18-і "101" пультіне Павлодардағы Ермак көшесінде үш қабатты үйдің үшінші қабатында екі бөлмелі пәтер өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
ТЖ орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері мен апаттар медицинасы орталығының қызметшілері дереу келіп жетті.
Өрт ауданы 10 шаршы метр болған, үйде заттар мен жиһаздар жалынға оранған.
"Пәтерде 2015 жылы туған бала болды. Өрт сөндірушілер автосаты орнатып, балкон арқылы баланы құтқарды. Тексерістен кейін баланы ауруханаға жатқызудың қажеті жоғы анықталды", – делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге 6 бірлік техника мен 21 қызметкер қатысты. Өрт сағат 15:58-де жойылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2051352-pavlodarlyq-ort-sondirusiler-zanyp-zatqan-paterden-balany-qutqardy/