Ақтауда қатты соққан желден екі ғимараттың шатыры ұшып, шырша құлады (видео)
Жарияланған күні:
Ақтауда қатты соққан желден бірден екі оқиға болды: жағалауда жаңажылдық шырша құлады, ал тағы бір ауданда балабақша мен моншаның шатырларын жел ұшырып әкетті. Бұл туралы өңірлік Lada.kz хабарлады.
Басылым мәліметінше, кеше кешке Ақтауда қатты жел тұра бастаған. Куәгерлер қала жағалауында жаңажылдық шырша құлағанын видеоға түсіріп алған. Ақтау қалалық ТКШ бөліміндегілер шыршаны орнату кезінде арнайы бетон блоктары мен арқан сымдары пайдаланылғанын, бірақ оның конструкциясы шыдай алмағанын хабарлады.
"28 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты 15-шағынаудандағы амфитеатр алаңында қойылған шырша құлаған. Амфитеатр алаңының айналасында құрылыс нысандары, ғимараттар болмағандықтан, желдің екпіні қатты сезіледі. Шыршаны қою кезінде барлық техникалық талап сақталды. Кабельдер мен темірбетон тұрғанына қарамастан, құрылым жел екпініне төтеп бере алмады.
Мердігер мекеме тарапынан шыршаны қайта орнату жұмыстары ауа райы тұрақтанғаннан кейін қайта жүргізіледі. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", - деді ведомство басшысы Жанболат Жақыпов.
Ал кейінірек қаланың 3-шағынауданында балабақша мен монша ғимараттарының шатырларын жел ұшырып әкеткені туралы ақпарат пайда болды. Шатыр қирандыларын үй маңында тұрған көліктерге құлаған.
"Ақтау қаласының 3-шағынауданында 16-21 м/с дейінгі екпінді желдің салдарынан 40 шаршы метр алаңда "Ясин" балабақшасының шатыры қирады. Зардап шеккендер жоқ", - деп хабарлады өңірдің ТЖД баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053201-aqtauda-qatty-soqqan-zelden-eki-gimarattyn-satyry-usyp-syrsa-qulady-video/