Оралда дәмханада жарылыс болып, ғимарат қирады (фото, видео)
Жарияланған күні:
2024 жылғы 4 қаңтарға қараған түні Орал қаласында орналасқан дәмханалардың бірінде газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан ғимарат опырылып, өрт шықты. Бұл жөнінде БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
ТЖД мәліметінше, оқиға орнына 02:17-де жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары екі қабатты RIZYQ дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасы жарылғанын, салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр аумағы қирап, 25 шаршы метр аумақта өрт болғанын хабарлаған.
"Өрт сағат 02:40-та жойылды. Өртті сөндіруге өот сөндіру қызметінің жеке құрамынан 39 адам мен 13 техника, жедел құтқару жасағының құтқарушыларынан 8 адам мен 2 техника жұмылдырылды. Бұған қоса, жедел медициналық жәрдем бригадасынан 18 адам, 6 техника, полиция департаментінен 28 адам, 7 техника тартылды", - делінген хабарламада. Сондай-ақ ведомство өкілдері қазіргі уақытта БҚО ТЖД және облыс әкімдігі қираған үйінділерді тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті.
Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053856-oralda-damxanada-zarylys-boldy-video/