Оралда қираған дәмхана ғимаратының астынан екі адамның денесі табылды
Жарияланған күні:
Бүгін, 4 қаңтарға қараған түні Орал қаласындағы дәмханалардың бірінде алдын ала мәлімет бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болып, салдарынан ғимарат опырылған болатын. Оқиға орнында екі адам қаза тапты, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта ТЖД күштері қираған құрылымдардың астынан алты адамды тауып, құтқарған.
"Олардың бесеуі медициналық мекемелерге жеткізілді, бір адам ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиға орнында екі адам қаза тапты. Адамдардың жеке басы анықталуда. Үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда", - дейді БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Сондай-ақ департамент оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері жұмылдырылды, барлығы 110-нан аса адам және 30 бірлік техника жұмылдырылғанын хабарлады.
БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылған.
Еске сала кетейік, бүгін түнде екі қабатты дәмхана ғимаратында алдын ала мәлімет бойынша газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан ғимарат қирап, кейін өртке оранған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053867-oralda-damxana-gimaratynyn-qirandylary-astynan-2-adamnyn-denesi-tabyldy/