Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда әкесі екі кішкентай баласын өлтірді деген күдікке ілінді

Жарияланған күні:

Алматыдағы тұрғын үйлер
Алматыдағы тұрғын үйлер. Фото: КТК телеарнасы

Алматыда әкесі екі ұлын өлтірді деген күдікке ілінді. Ол балаларды қалай өлтіргенін бастан-аяқ видеоға түсіріп, әйеліне төрт парақ хат қалдырып кеткен. Істің жай-жапсары КТК телеарнасы сюжетінде айтылды.

Қайғылы оқиға Райымбек даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйде болған. Балаларына қол салды деген күдікті 38 жаста. Тұрақты жұмысы болмаған. Ал бұрынғы әйелі мейірбике болып жұмыс істейді.

Өткен бейсенбіде қатігез әке пәтерді бір тәулікке жалдап, өзінің екі баласын кіргізген. Болжам бойынша, сол үйде балаларын пышақтаған. Өлерінде жанұшыра шыңғырған балайқалардың дауысын көршілер естіпті. Бірақ ешкім айтарлықтай мән бермеген. Өйткені бұл пәтер жалға берілетін болған соң, кім көрінген кіріп-шығып, әрқайсы ылаң салып кетеді екен. 

"Бұл пәтер сағатына да, тәулігіне де беріледі. Әйтеуір түрлі адамды көреміз. Ылғи у-шу. Жалға алушылар шыңғырып, неше түрлі істейді. Иесі өз пәтерін бақылауда ұстамауынан осындай оқиға болып отыр", - дейді көршісі.

Екі баланың бірі 9 жаста, екіншісі 12-де болған. Сол күні әкесі менингитпен ауырған кіші баласын ауруханаға апарамын деген желеумен үйден алып кеткен.

"Пәтерде ол балаларды тамақтандырып, теледидарды қосып берген. Өзі 3-4 бет хат жазған. Осыдан кейін ұлдарына кіріскен. Көршілер бір баланың балконға шығып "көмектесіңдер" деп айқайлағанын естіген екен. Ақыр соңында өзіне пышақ сұғып, жансақтау бөліміне түсті. Қазір ауруханада жатыр", - дейді марқұмдардың әжесі.

Мұндай жауыздыққа баруын марқұмдардың әжесі қызғаныштан ба деп күдіктенеді. Өйткені қызы мен күйеу баласының арасындағы жанжал таусылмаған. Осыдан 9 жыл бұрын ажырасыпты. Бірақ заңды түрде ажырасса да, үйден кетпей қойды деп отыр. Соңында тіпті қайда, кіммен жүргенін бақылап отырған. 

"Аталмыш дерек бойынша Алмалы ауданы ПБ қызметкерлері ҚК 99-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптама, зерттеу тағайындалды. Болған қылмыстың толық мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлаған тілшілерге Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Заңға сәйкес, енді ер адам кемі 20 жыл немесе өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Оның ең қатаң жазаға тартылуын бүкіл туыстары талап етіп отыр, дейді телеарна тілшілері.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054712-almatyda-akesi-eki-kiskentai-balasyn-oltirdi-degen-kudikke-ilindi/