Павлодар облысында тұрғын үйден шыққан өрттен сегіз жасар бала көз жұмды
Жарияланған күні:
Қайғылы жағдай бүгін Павлодар облысындағы Сәтбаев ауылында болды. Тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт салдарынан 8 жасар бала ауруханаға барар жолда қаза тапты, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 10 қаңтарға қараған түні диспетчерге Сәтбаев ауылында үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде 5 бөлмелі газоблокты үй шатырының ағашы, 180 шаршы метр аумақта үйдің дүние-мүлкі жанып жатқанын анықтаған.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін учаскелік полиция қызметкері мен көршісі 2013 жылы туған бала мен үй иесінің ағасын құтқарып үлгерген үлгерген. Ал өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден 2015 жылғы баланы сыртқа шығарған.
"Өкінішке қарай, бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды", - делінген төтеншеліктер таратқан хабарламада.
Өрт 6:25-те толық сөндірілген. Өңірлік ТЖД өкілдері өрттің себебі анықталып жатқанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054812-pavlodar-oblysynda-turgyn-uiden-syqqan-ortten-segiz-zasa-bara-koz-zumdy/