Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

247 млн теңге және 125 мың доллар тәркіленді: ІІМ мен ҰҚК ауқымды арнайы операция жүргізді (видео)

Жарияланған күні:

Тәркіленген ақша
Ақша. Көрекі фото: Видеодан кадр: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атын жамылған заңсыз онлайн-казинолар желісін жойды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Polisia.kz медиапорталында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісі лотерея клубтарының атымен жұмыс істеп келген.

Бірлескен арнайы ауқымды операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

"Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды, олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал етіп, қамқорлық жасаған, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интим қызметтерін ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді.

Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды", - деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Ведомство өкілінің мәліметінше, республика бойынша лотоклубтарға 570 тінту жүргізілген.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 23 атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ долларын, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркілеген.

ІІМ жариялаған ақпарат бойынша, арнайы операция нәтижесінде елде барлығы 326 лотоклуб қызметінің жолы кесілген. Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Бұған қоса әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны анықталған.

Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растады.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңге болғаны анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 6 млрд теңге болған. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70 пайызы шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған.

Тергеуді ІІМ тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жүргізіп жатыр, фигуранттарға ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу айыбы тағылуда. Басқа мәліметтер жарияланбайды", - деді Қуандық Алпыс.

ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы бойынша, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық ұйым құрып, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткен жағдайда мүлкi тәркiленiп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысан жағдайда, мүлкi тәркiленiп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттерде мүлкi тәркiленiп, 8 жылдан 13 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2055436-247-mln-tenge-zane-125-myn-dollar-tarkilendi-iim-men-uqk-auqymdy-arnaiy-operaciya-zurgizdi-video/