Астанада полицейді көлігімен сүйреген мас жүргізуші ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Астаналық мас жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбай, оны көлігімен сүйреген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция қызметкерлері KIA көлігінің мас жүргізушісін "Мас жүргізуші - қылмыскер!" жергілікті рейд шарлары барысында ұстаған.
Хабарлама күндізгі уақытта "102" пультіне түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері Мәскеу мен Потанин көшелерінің қиылысында жолдың қарсы жағындағы KIA көлігін анықтаған.
Сақшылардың тоқтату талаптарын елемеген жүргізуші жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіріп, көлікті жүргізуін жалғастыра берген. Алайда ол көше қиылысында алдынан көліктер тұрғандықтан бағдаршамның қызыл түсіне тоқтауға мәжбүр болған.
"Осы кезде полицей көлікке жүгіріп келіп, есікті ашпақ болғанда жүргізуші жылдамдықты арттырып, инспекторды жол бойымен 20-30 метрдей сүйреп әкеткен. Өз өмірін қауіпке тігіп, құқық бұзушының көлігін арпалысып жүріп тоқтатқан полицейлер оны салоннан алып шығып, дереу тиісті шара қолданған. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші көлікті орташа дәрежедегі мас күйінде басқарғаны белгілі болған", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар 23 жастағы тұрғынның жүргізуші куәлігі де болмағаны анықталған. Құқықбұзушыға қатысты әкімшілік кодекстің екі бабымен - ішкі істер органы қызметкерінің заңды талабын орындамау және масаң күйде басқаруға құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы бойынша іс қозғалды.
Сот шешімімен жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынып, көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2058247-astanada-policeidi-koligimen-suiregen-mas-zurgizusi-ustaldy-video/