Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалады деген блогер ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Атырауда полицейлер кәсіпкерден 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен блогерді ұстады. Оған ұрлық жасады деген де айып тағылып отыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 жастағы блогер жеке кәсіпкердің қызметін бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктемеу үшін қаражат талап еткен.
"Азық-түлік дүкенін бірнеше мәрте түсіріп, тауар салынған сөрелерді ақтарып, шу шығарған. Видеоны көпшілікке жарияламау үшін 2 млн теңге қаражат сұрап, тегін азық-түлік алған. 47 мың теңге тауардың ақысын төлемеген.
Сондай-ақ ақпан айында сот ғимаратындағы қызметтік бөлмеде киім қалтасынан 20 мың теңге қаражат ұрлаған", - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаментінің өкілдері.
Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр.
Ведомство ұрлық және бопсалау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе куә болсаңыз, 98-22-05 және 102 арнасына хабарлауыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2062652-atyrauda-kasipkerden-2-mln-tenge-bopsalady-degen-bloger-ustaldy-video/