Семейде қызды құтқармақ болған полицейге күдікті пышақ жарақатын салды
Жарияланған күні:
Семейде оқушы қыз бейтаныс ер адам аңдып жүргенін айтып, полицияға хабарласқан. Оқиға орнына келген полицейлердің бірі басынан жарақат алған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
29 ақпанда 13 жасар қыз полицияға хабарласып, белгісіз ер адам артынан қуып жүргенін айтқан.
"Қыз "102" операторына сыртқа шығуға қорқып, дүкенде күтетінін айтты", - делінген полиция хабарламасында.
Дереу учаскелік полиция инспекторлары жіберілген. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, олар супермаркеттің жанынан күдікті адамды байқап, мән-жайларды анықтауға тырысқан, бірақ жігіт қолындағы пышағымен тәртіп сақшыларына қарай жүгірген.
"Агрессивті ер адамның назарын аударып, полицейлер рациямен көмек сұрады, оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипажы келді. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін қызметтік көліктен шыққан кезде патрульдік полицей Асхат Ахатовқа күдікті пышақ жарақатын салған", - делінген ІІМ хабарламасында.
Басынан үш рет жарақат алған полиция қызметкері ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілген.
Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған, оған қатысты полиция қызметкерінің өміріне қол сұғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2064105-semeide-qyzdy-qutqarmaq-bolgan-policeige-kudikti-pysaq-zaraqatyn-saldy/