Ақтөбе облысында ірі жол апатынан сегіз адам мерт болды
Жарияланған күні:
Бүгін, 6 наурызда Ақтөбе облысында Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120 шақырымында екі автокөлік соқтығысты. Салдарынан сегіз адам көз жұмған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқамасының мәліметінше, 6 наурыз сағат 08:36-да Ақтөбе облысында Ақтөбе-Астахань тас жолының 120 шақырымында Largus және Hilux маркалы екі көлік соқтығысты. Жол апаты кезінде Largus автокөлігі өртеніп кеткен. Оқиға салдарынан сегіз адам алған жарақатынан қайтыс болған, үш адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілген.
"Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен адамдарға жедел медициналық көмек көрсетті. 8 адам қайтыс болған. Үш адам - олардың ішінде екі ересек адам, бір бала зардап шеккен. Олар ауруханаға жатудан бас тартты", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Темір ауданы әкімдігінің портал тілшісіне берген мәліметіне сүйенсек, алдын ала ақпарат бойынша, өртенген көлікте жүргізушіні қоса алғанда жеті адам болған, оның ішінде Шұбаршы орта мектебінің үш оқушысы бар. Білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, екі бала әжесімен бірге медициналық тексеруге, бір бала әкесімен бірге отбасы жағдайына байланысты Ақтөбе қаласына шыққан.
"Оқиға орнына Темір ауданының әкімі, Темір аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері барды. Жол-көлік оқиғасының барлық себептері анықталғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі", - делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаменті Instagram-парақшасында Ақтөбе-Астрахань автожолында екі жеңіл автокөліктің соқтығысуынан сегіз адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Тергеу аясында жол-көлік апатының себептерін және онда қаза тапқандардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда", - дейді департамент өкілі.
Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2064806-aqtobe-oblysynda-iri-zol-apatynan-segiz-adam-mert-boldy/