Степногорск маңында үш адам қаза болған жол апаты: әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео жарияланды
Жарияланған күні:
Читать на русскомӘлеуметтік желіде Ақмола облысы Степногорск қаласында болған жол апаты орнынан түсірілген видео пайда болды. Полицейлер қашуға бел буған көліктің ізіне түсіп, оқ атты, қаза тапқандар бар. Бұл жайтқа қатысты Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"СПЗ-Степногорск жол учаскесінде жол апаты болды. Видеодан полицейлер көлік соңынан қуғанын әрі атыс болғанын көруге болады. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар", – деп жазылған видеоның сипаттамасында.
Видеодан бір көлік апатқа ұшырағанын, екінші көлік жанып жатқанын көруге болады.
"Мен келіп жеткен кезде ол жерде бірнеше адам айқайлап жатты. Audi-дің алдыңғы жағы жоқ. Үшеуі шығарылды, тағы екеуі ішінде", – деді куәгер.
Қайғылы оқиғаға байланысты Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.
"Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жайттың барлық мән-жайы анықталып отыр. Оқиға орнына Ақмола облысы жол полициясының басшылығы аттанды", – деді ведомство баспасөз қызметінің өкілдері.
Жергілікті sinegor.kz басылымының жазуынша, 23 наурызда Степногорскте қаланы патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары асығыс келе жатқан Toyota Land Cruiser 200 маркалы көлікті байқап, оны тоқтатуға тырысқан, алайда жүргізуші ескертуге мән бермей, жасырынуға тырысқан. Кейін ол жеңіл жол-көлік оқиғасын тудырып, Заводской ауылына қарай бет бұрған. Полицейлер оның ізіне түскен еді.
"Ізінен қуу кезінде полиция қызметкерлері қызметтік қару қолданды (2 рет ауаға және 4 рет көлік дөңгелектеріне оқ атылды), бірақ бұл ешқандай нәтиже бермеді", – деп жазды басылым.
Салдарынан Степногорск-Заводской тас жолының 4 шақырымында Toyota Land Cruiser жүргізушісі Audi көлігімен соқтығысқан. Audi маркалы көлік жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, ал Toyota Land Cruiser жүргізушісі медициналық тексеруге жіберілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2072691-izge-tusti-oq-atyldy-zardap-sekkender-bar-aqmola-oblysy-pd-bassylygy-oqiga-ornyna-keldi/