Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ата-анасы бұрынғы прокурорлар, оны үнемі қорғап алады": Алматыдағы күзетші өліміне қатысты жаңа деректер шықты

Жарияланған күні:

Күзетші өлімі орын алған тұрғын үйдің ауласы
Күзетші өлімі орын алған тұрғын үйдің ауласы. Видеодан кадр: КТК

Алматының қақ ортасында орналасқан элиталық тұрғын үйдің тұрғындары асқан жауыздықпен өлтірілген күзетшінің оқиғасына қатысты пікір білдіріп, жантүршігерлік жағдайдың мән-жайын айтты. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Аталған жағдай 29 наурыз күні Алматыдағы элиталық тұрғын үйлердің бірінде орын алған. Ашуға булыққан ер адам күзетшіні көлігімен бірнеше рет басып, артынан оған соққы жаудырған. Жантүршігерлік оқиға бейнебақылау камерасына түсіп, желіде тарап кетті.

42 жастағы Нұрбол Қайыпбаев алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды.

Орын алған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.

Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаға екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.

"Ол шығып кетпек болды. Қақпадан шықпақ болды. Нұрбол оны тоқтатпақ болды. Енді мас адам, жолға шықса қанша адамды өлтіреді. Сосын Нұрбол көтеріліп келді, ол қайтадан айналып келді. Нұрбол ана жерге көлігін қойды деді де, барып шлагбауымды жапты, қақпаның біреуін жауып, екіншісін жауып жатқан кезде анау қатты келіп үш рет қақты. Оның алдында сыраның шөлмегімен дүңгіршекті шақты", - деді пәтер иелері кооперативінің директоры Әлия Досмайылова.

Тұрғындардың айтуынша, күдікті ажырасқан, қарт ата-анасымен бірге тұрады. Көршілер күдікті азамат жиі жанжал шығаратынын да жеткізді.

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, сол түні тұрғын үй күзетшісі ашуға булыққан ер адамды ата-анасының өтініші бойынша шығармаған болуы мүмкін.

"Тек осы бір ер адам ғана үнемі шулатып жүреді. Нашақор, ішіп-шегеді. Кеше де ішіп-шегіп алған. Оқиға әлі көз алдымыздан кетер емес. Асқан қатынгездік қой бұл. Күзетші Нұрбол үнемі күдікті азаматқа, оның отбасына, бәрімізге көмектесіп жүретін. Қаскөй бұған дейін осындағы диспетчерге соққы жасаған. Талай рет полицияға жазғанбыз. Ата-анасы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, білуімізше бұрынғы прокурорлар. Ата-анасы оны үнемі қорғап алып шығады", - деді Данеля Сартай.

Кейін күдікті азамат істегеніне өкінгендей сыңай танытып, үйдің 14-ші қабатынан секірмек болған. Ақыры ұзақ ойланған күдіктіні полиция қолға түсірген.

"Мына жақта отырды, аяғын салбыратып. Құлай ма екен деп мен таң қалып тұрдым. Біртүрлі жігіт. Есірткі жасыратындар келетін. Мына қақпаны біз не үшін қойдырдық? Өйткені балалардың ойын алаңына есірткі қойып кетеді. Оны шығып алады. Әр нәрсені оған әкеледі, көп бұзақылық жасайды. Ата-анасына да бір қиындықтар туғызады. Бүкіл көрішілер біледі", - деді Анар Темірқұлова.

Куәгерлердің айтуынша, күзетші ер адам бұл жерде шамамен 5-10 минуттай қансырап жатып, артынша ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында үш баласы қалды. Нұрбол Қайыпбаев отбасының жалғыз асырушысы болған. Тұрғын үй кешенінде ол екі жылдан бері 165 мың теңге айлыққа жұмыс істеп келген.

"Енді ол баламның не жамандық жасағанын білмеймін ғой, бірақ балам аңқылдақ болатын.Ешкімге жаманшылдығы жоқ еді. Балам жоқ қой. Баламның орнын немен толтырады алады ол. Білмеймін ғой, немен толтыра алатынын", - деді марқұмның анасы Майра Қайыпбаева.

"Кеше екінші тәулігі болған. Бүгін үйге келу керек еді. Таңертең хабарласып едім, басқа бір кісі телефон алды да, "сіз жолдасыз ба, Нұрбол қазір ауруханада" деді. Ондай адамды шығармау керек. Қайтадан тағы біреуді өлтіреді. Оны өлтірмеу керек, түрмеде қинау керек, өмір бойына", - деді Қайыпбаевтың келіншегі Әсем Молдахунова.

Дереккөз: КТК.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2075829-ata-anasy-buryngy-prokurorlar-ony-unemi-qorgap-alady-almatydagy-kuzetsi-olimine-qatysty-zana-derekter-syqty/