Оралдық мұғалім өз пәтерінде өлі күйде табылды
Жарияланған күні:
25 сәуірде өз пәтерінен Орал тұрғынының мәйіті табылды. Әйелдің бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істегені белгілі болды, деп хабарлайды "Мой город".
Көршілері мен үй басқарушысы марқұмның өмір бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істегенін айтты. Олардың айтуынша, ол мейірімді, өте жауапты және жанашыр адам болған.
Үй басқарушысы Әлия Есқалиева 24 жыл бұрын марқұммен бір уақытта осы үйге қоныс аударғандарын айтты. Содан бері олар бірлесіп, аула мен үй тіршілігіне белсене араласқан. Надежда Никитинаның көмегімен қарапайым подъезд нағыз галереяға айналған.
"Біздің үй кішкентай, бірақ тату. Ол белсенді болды, ақша жинап, идея беретін. Ол өте ақкөңіл, жауапты, жақсы адам. 24 жыл көрші болып тұрдық. Анасы қайтыс болды, жақында тоғыз күн болады. Әкесі – қарт кісі, үнемі оны қатты уайымдайтын, барып, халін біліп тұратын.
10 жыл бұрын күйеуі қайғылы оқиғаға ұшыраған. Екі қызы, ағасы және немерелері бар. Ол өте жақсы әйел болатын. Мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді. Биыл 60 жасқа толуы керек еді, ол жас көрінетін. Бұл жаңалықтан ес жия алар емеспін, бәрі көз алдымда", – дейді Әлия Есқалиева.
Қалалық білім бөлімі марқұмның ұқыпты әрі жауапкершілігі мол ұстаз екенін хабарлады. Мұғалімдік жұмыс өтілі 40 жыл, оның 35 жылы бір мектепте жұмыс істеген. Надежда Никитина жұмыс істеген №9 мектептің қызметкерлері әлеуметтік желіде көңіл айтты.
"25 сәуірде мектебіміз құрылған күннен бастап жұмыс істеген бастауыш сынып мұғалімі Надежда Владимировна Никитина кенеттен қайтыс болды. Ол кісі жұмыс барысында бір емес, бірнеше ұрпақ тәрбиелеп өсірді, өз ісінің кәсіби маманы, жүздеген ұл-қыздың сүйікті ұстазы болды. Бұл – орны толмас қаза және жақындары үшін үлкен қайғы", - делінген хабарда.
Батыс Қазақстан ПД істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тергеліп жатқанын хабарлады. Жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатқандықтан, департамент басқа мәліметтерді жарияламады.
Айта кетейік, Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес адам өлтіру, яғни басқа адамды заңсыз қасақана өлтіру – сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2092004-oraldyq-mugalim-oz-paterinde-oli-kuide-tabyldy/