Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы Құлжа тасжолында төрт көлік апатқа ұшырады. Қайғылы оқиғадан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды облыстың полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Оқиға орнында түсірілген видеоны Instagram-дағы Krispi_kaz парақшасы жариялады. Кадрлардан апатқа ұшыраған екі көлікті көруге болады, сондай-ақ қаза тапқандардың денелері матамен жабылған.
Ролик авторы жол-көлік оқиғасы 8 мамырда Алматы - Көкпек - Көктал автожолында (Құлжа трактісі) болғанын айтқан. Облыстық полиция өкілдері 4 автокөлік апатқа ұшырағанын хабарлады. Қайғылы оқиғадан үш адам қаза тапты.
"Алматы-Көкпек-Көктал автожолының 41-шақырымында Mitsubishi Lancer жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Nissan Cefiro автокөлігімен соқтығысқан. Nissan Cefiro соққыдан жол жиегінде тұрған Mitsubishi Pajero Sport және BMW X5 көліктеріне соғылған. Апат салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі, Mitsubishi Lancer жүргізушісі және оның жолаушысы оқиға орнында қаза болды", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері жол апаты дерегі бойынша қажетті сараптамаларды тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлім етті.
Құқықтық статистика сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың 3 айында 4029 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қаза тапқандар саны 369-ға, зардап шеккендер саны 5432-ға жеткен. Ең көп қаза табу фактілері Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2097617-almaty-oblysynda-zhanturshigerlik-zhol-apatynan-ush-adam-qaza-tapty/