Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өкпесінен су шықты": Таразда полицейлердің 2 жасар баланы құтқарған сәті видеожетонға жазылып қалған

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Оқиға орны. Видеодан кадр: polisia.kz

Таразда полицейлердің суға құлап кеткен баланы құтқарған сәті видеожетонға түсіп қалған. 2 жасар сәби облыстық балалар ауруханасына жатқызылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, суға тұншығып, тыныс ала алмай жатқан кішкентай балаға көмекке асыққан полиция қызметкерлерінің бірінің бейнежетонына құтқарған кездегі сәт түсіп қалған.

Боран-3 автоэкипажы рация бойынша кезекшіден шұғыл шақырту түскен кезде өзіне бекітілген аумақты патрульдеп жүрген.

Тараз қаласы, Айша бибі көшесінің бойында мектеп жанындағы ағып жатқан су арнасына 2 жасар бала құлап кеткен.

Полиция бірнеше минут ішінде шақырту орнына келді. Ол кезде өтіп бара жатқан бір адам баланы ес-түссіз күйде судан шығарып алған. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенше, полиция қызметкері 10 минут бойы жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді, нәтижесінде бала дем ала бастайды.

"Қимылсыз жатқан баланың өмірі үшін соңына дейін күресіп, бізге үйретілген барлық дағдыны қолданып, тоқтаусыз жүрекке массаж жасадым. Көрер жарығы бар екен, өкпеден су шығып, нәресте дем ала бастады", - деді Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәурен Колқаев.

Ведомство мәліметінше, бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды, қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2102612-okpesinen-su-shyqty-tarazda-politseilerding-2-zhasar-balany-qutqargan-sati-videozhetonga-zhazylyp-qalgan/