Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бестөбеде өмір сүру шын мәнінде қауіпті ме

Жарияланған күні:

Өндіруші шахтаға барады
Көрнекі фото: depositphotos.com

Бұған дейін желіде Ақмола облысындағы "заңсыз қазушылар" астанасы аталып кеткен Бестөбе ауылында бассыздық жағдай орнағанын хабарланған анонимді үндеу жарияланған. Оның сөзінше, бұл мекенде алтын қазушылардың заңсыз әрекеттері салдарынан қылмыс өршіген, сол хабарда жемқорлықтан бастап қантөгіске жеткен жағдайлар болғаны айтылған. KAZ.NUR.KZ бұл жағдайдың рас-өтірігін анықтады.

Бестөбеде осы аттас алтын кеніші орналасқан заңсыз кен қазушылар мәселесінен ең жоғарыдағы биліктің өзі құлағдар болғанымен, проблеманың шешімі әлі күнге табылмай келеді. Ал заңсыз кен қазушылардың мемлекет қазынасына келтіретін шығыны миллиардтаған теңгеден асады. Тегін алтынның қызығын көргісі келетін көлеңкелі кәсіптің де саны артып барады. 2024 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығын алып қарағанның өзінде 340-тан аса адам ұсталған, ал былтырғы көрсеткіш – 218. Олардың 99 пайызы әдетте әкімшілік жауапкершілікпен құтылады – бұл 15 тәулікке қамау немесе 15 АЕК мөлшеріндегі айыппұл.

Мұның себебі – жерасты "вахтасынан" кейін көбі табысты өз қалтасына салып шықпауға тырысады, әйтпесе күзетілетін нысандарға заңсыз кіру үшін емес, оның орнына Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы қолданылады, бұл – "Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы" бабы.

Ауылда бұрын тұрғанмын деп танысқан, бірақ өзінің аноним қалуын сұраған тұрғынның сөзінше, құрғақ сан мен деректердің артында үрейлі шындық жасырынған. Заңсыз алтын қазу қылмысы өршіп тұрған ауыл тіршілігі қымбат металл грамына ауызбастырықтан бастап ауылдықтардың қолдауы мен биліктің қамқорлығына дейін сатып алуға болатын жартылай қылмыс әлемі бар өмірді елестететін жағдайға жеткізді. Еске салайық, 2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, "Қазақалтын" компаниясының шахтасынан құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіруге қамқорлық жасаған Ақмола облыстық ІІД-нің бірқатар лауазымды тұлғасының қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойған. Ұйымдасқан топқа Степногорск ІІБ бастығының орынбасары, Ақсу және Бестөбе кенттерінің полиция бөлімдерінің бастықтары, Степногорск ІІБ-нің екі жедел уәкілі, сондай-ақ жат діни ағымдардың жақтаушылары кірген. Соңғылары Бестөбеде шын мәнінде бар көрінеді.

"Мұндайлар барын жоққа шығармаймын. Ауыл мешітінің имамымен тығыз жұмыс істейміз. Әр аптада жұма намазын оқимыз, онда жамағат жиналады. Мешітте видеокамералар орнатылған, аса бір назар аудара қоятын дәнеңесі жоқ, қақтығыс болмаған, шектен шыққан жағдай тіркелмеген. Оның үстіне, ҰҚК және полиция сияқты бақылаушы органдар бар, олар жағдайды бақылауда ұстайды. Біздің міндет – бақылау, қажет болғанда шұғыл әрекет ету", - дейді Бестөбе ауылының әкімі Сырым Қабай.

Оның айтуынша, жағдай бақылауда және қазіргі уақытта дабыл қағуға себеп жоқ. Алайда ауылда жат діни ағымдар өкілдерінің саны өскені туралы ақпаратты растауға да, жоққа шығаруға тырыспады.

Сонымен қатар даулы видеоның авторы бірнеше жылдан бері шахтада жұмыс істейтін қылмыстық топтар арасында басшылық орындарды иеленген адамдар бар екенін айтқан. Полиция бұл мәлімдемемен келіспей отыр.

"Ешқандай да топтар жоқ, заңсыз кен қазушылардың бәрі – осындай жолмен пайда тапқысы келген қарапайым адамдар. Аноним айтқан мәліметтер жалған. Біз ұстағандардың арасында намаз оқитындар барын жоққа шығармаймын. Бірақ намаз оқуының бұл жағдайға қатысы жоқ", - дейді Бестөбе полиция бөлімінің басшысы Нұрбек Сұлтанғазиев.

Видео авторы тұрғындар заңсыз алтын қазушылардың үркітіп-қорқытуына тап болғандақтан үнсіз отыр деген мәлімдеме жасаған. Алтынға құныққан "мафия" туралы мәлімет бірден жоққа шығарылды.

"Тұрғындардан оларға біреу-міреу қауіп төндірді деген мәлімдеме болған жоқ. Қалай болғанда да, біздің есігіміз әрқашан ашық және кез келген жағдайда қажет шараларды қабылдау үшін барлығын бірдей тыңдауға дайынбыз. Ауылда заңсыз кен қазу қылмысы бар, біз онымен күресуге тырысамыз, бірақ жұрт алаңдайтындай жағдай жоқ. Жалпы, тұрақты. Бізде тұрмыстық қылмыстар, төбелес, ұрлық болады, бірақ одан артық ештеңе жоқ. Тәртіпті екі учаскелік полиция бақылайды, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор жұмыс істейді", - деді Бестөбе әкімі.

Біз "Қазақалтын" ЖШС қауіпсіздік қызметінен жат діни ағымдар өкілдерінен құралған "сақалдылардың" топтары туралы ақпаратқа түсініктеме беруді сұрадық. Белгілі болғаны, олардың деструктив ағым ұстанушы екенін анықтау оңай шаруа емес екен.

"Қайсыбір ағымға жататынын анықтау үшін арнайы білім болуы керек. Бүгінде көптеген адам сақал қояды, сонымен қатар жер астына түсіп, заңсыз іспен айналысатындардың бәрі бірдей тау-кен формасы мен резеңке етік киеді. Қайсыбірі қандай да бір ағымның жақтаушысы бола ма, жоқ па – бұған қарамастан, біз үшін олардың барлығы ұры, олардың мақсаты – көбірек алтын ұрлау", – деп түсіндірді қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бірі.

Аноним айтқан қауіптердің тағы бірі кейбір заңсыз кен қазушылардың соттылығы мәселесі турасында болды.

"Яғни қандай қауіп бар екенін түсінесіз бе? Қылмыстық элементтер ауылда емін-еркін жүре алады, бүгін олар шахтадан алтын ұрлайды, ал ертең олар бұл үшін зорлап, өлтіріп, далаға көміп тастай алады", - деді видео авторы.

Еске салайық, кентке алтынды заңсыз қазып алу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті көрші елдерден заңсыз келушілер келеді. Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарынан келген заңсыз кен қазушылар Ресей, Украина, Өзбекстан елдерінен де жиі келіп жатады.

"Заңсыз кен қазу қылмысы үшін ұсталғандардың арасында түрлі құқықбұзушылықтар үшін іздеуде жүрген адамдар бар – біреуі алимент төлемегені үшін, біреуі ұрлық жасағаны үшін, тағы бірі бұзақылық жасағаны үшін. Педофилдер, кісі өлтірушілер мен зорлаушылар жоқ. Қылмыстың алдын алу мақсатында біз әр жұма, сенбі және жексенбі күндері жалдамалы пәтерлер бойынша рейдтер жүргіземіз, соттылығы бар-жоғын білу үшін тіркелген әрбір пәтерді тексереміз", - деді Бестөбе полициясының басшысы Нұрбек Сұлтанғазиев.

Алайда жергілікті тұрғындардың мазасы қашқанына мұндай рейдтердің көмегі аз көрінеді.

"Әрине, келушілердің көптігі өте қорқынышты, бірақ біз олар туралы ештеңе білмейміз. Қазір тыныш сияқты, бірақ бірнеше жыл бұрын бізде қылмыс өршіп кеткен жағдай болған, мысалы, пәтер ұрлығы болған. Анау үйге кірді, мына үйге кірді деп естіп жататынбыз. Шахтада террористік жолдағы түгелдей бір бригадалар бар мүмкін қауөсек тарады, бірақ өз басым мұндай жағдайды кездестірмедім", - деді жергілікті тұрғындардың бірі Елена Е.

"Сақалдар" ауылда 2000-жылдардың басында пайда бола бастады, біз алдымен мән бермедік, енді олардың саны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Олардың ішінде жергілікті тұрғындар да бар екенін және сырттан келгендер де бар екенін көріп отырмыз, көбі заңсыз кен қазумен айналысады, бірге жиналады, "өз адамдарымен" жұмыс жүргізеді. Олар бізге әр тараптан келіп жатыр, кейде алаңдаймыз, өзіміз үшін емес, жастар үшін, балалар үшін – бізде ауылда ондайлар көп, не боларын кім білсін", - дейді зейнеткер Сәуле М.

Елімізде елемей өтуге бой үйреткен заңсыз алтын өндіру проблемасының салдары қандай болары белгісіз қалып отыр. Бестөбелік шенеуніктер аноним келтірген тұжырымдардың дәлелі жоқ екенін айтқанымен, барды – бар дей білуіміз керек. Мұнда қордаланған мәселе бар. Күзетілетін нысанға заңсыз кіру сияқты "болмашы" құқықбұзушылықтардың артында ауыр қылмыстар жатуы да бек мүмкін. Себебі "май шелпекке" қызыққан адамнан не күтуге болатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Бәлкім Бестөбені елдің қылмыс өршіген ауылы деуге ерте шығар, бірақ жағдай түзелмесе, осы атына заты сай болатын күн алыс емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2121651-bestobede-omir-suru-shyn-maninde-qauipti-me/