Оштағы жойқын сел: қаза тапқан қазақстандық балалар Қырғызстанға не себепті барғаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Қырғызстанда жойқын селден қаза тапқан балалардың денелері Өскеменге арнайы бортпен жеткізілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ресми сайтында хабарлады.
Әкімдік ақпаратынша, Ош облысының Ноокат ауданындағыт селден қаза тапқандар арасында Шығыс Қазақстан облысының балалары да бар.
"Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барған. Туристік аймаққа түскен сел кішкентай шығысқазақстандықтардың өмірін қиып, өңірдің барлық тұрғыны үшін қайғылы жағдайға айналды.
Бүгін қаза тапқандардың денесін Өскеменге арнайы бортпен жеткізілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған өңірдің барлық қызметінің мамандары жұмылдырылды", - делінген хабарда.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев қаза тапқандардың туыстарымен кездескен. Жергілікті атқарушы органдар мен "Халифа Алтай" мешітінің қызметкерлері жерлеу рәсімін ұйымдастырып, өткізуді өз мойнына алған. Өңірдің кәсіпорындары мен бизнес өкілдері қара жамылған отбасыларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Әкімдік қызметкерлері мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қайғылы жағдайға байланысты марқұмдардың туыстарына көңіл айтты.
Еске сала кетейік, жұма, 28 маусымда Қырғызстанның Ош облысында сел болды.
Селден кейін кәмелетке толмаған екі қазақстандықтың денесі табылғаны белгілі болды. Ал кейінірек Сыртқы істер министрлігі сел салдарынан тағы екі қазақстандық баланың қаза тапқанын хабарлады.
Қырғызстандық БАҚ мәліметінше, сел салдарынан барлығы екі әйел мен 2016 жылғы, 2013 жылғы, 2012 жылғы, 2008 жылғы, 2005 жылғы балалар мен жасөспірім қаза тапқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2126655-qyrgyzstandagy-zhoiqyn-selden-qaza-tapqan-qazaqstandyq-balalardyng-denesi-elge-zhetkizildi/