Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"500 мың теңге ұсынған": Атырауда малшыны сабады деп күдікке ілінген полицей жұмысынан шеттетілді

Жарияланған күні:

Полиция
Полиция. Көрнекі сурет: polisia.kz

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының тұрғыны Кенжетай Шагирова учаскелік полиция қызметкері інісін далада мал бағып жүрген жерінен өлімші етіп сабағанын айтты. Қазіргі кезде полицей жұмысынан шеттетілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайын жәбірленушінің әпкесі Кенжетай Шагирова баяндап берді.

Айтуынша, інісі мен полицейдің арасындағы жанжал ауылдағы отырыстан шыққаннан кейін басталған. Полицей Қарабауда мал бағатын құрдасына тиіскен. Ол жауап ретінде көлігінің терезесін сындырған.

"Екеуінің арасындағы кикілжіңнен кейін көлігінің шығынын төледік. Сонымен бәрі бітті деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмай шықты. Інім ауыл сыртында мал бағып жүрген жерінен әлгі жігіт машинамен келіп тоқтап, екі қолын қайырып тұрып сабаған. Сол күні үйге ұзақ келмеді, сүйретіліп жеткен кезде шошып кеттік. Түрінен түр қалмаған, тіл қатпады. Кейін есін жиғаннан кейін мән-жайды сұрастырып білдік. Полицияға арыз түсірдік, бірақ іс тіркелгені жөнінде еш хабар ала алмай отырмыз. Прокуратураға да шағымдандық",- дейді Кенжетай Шагирова.

Зардап шеккен жігіттің әпкесінің айтуынша, кейін інісінің жағдайы нашарлап, оны жедел жәрдеммен аудан ауруханасына апарған. Сол кезде сабаған полицей кешірім сұрап, ақша ұсынған көрінеді.

"Ініме мал және 500 мың теңге ұсынған. Бірақ бізге оның қажеті жоқ. Адам сабайтын кісі қалай полицей болып қызмет жасайды? Сол жерде базарда адам қолынан мерт болған ауылдасымыз секілді өліп кетсе ше? Тиісті жазасын алсын",- дейді Кенжетай Шагирова.

Полиция департаменті болған оқиға жөнінде түсініктеме берді.

"Қазіргі кезде істі өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеп жатыр. Полиция қызметкері жұмысынан шеттетілді",- деп жауап берді Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2149669-500-myng-tengge-usyngan-atyrauda-malshyny-sabady-dep-kudikke-ilingen-politsei-zhumysynan-shettetildi/