Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басын жарды": Алматы тұрғыны тал түсте егде жастағы анасына шабуыл жасалғанын айтты

Жарияланған күні:

Әмиян ұстаған әйел
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде анасы ұрлықтың құрбаны болғанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз біреу тал түсте 72 жастағы әйелдің басын жарып, әмиянын алып кеткен. Аталған жайтқа қатысты полиция пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы тұрғыны жазбасын Facebook желісіндегі "Дежурный по городу (Қазақстан)" тобында қалдырған. Ол 15 тамыз күні сағат 17:00 шамасында 8-шағынауданның ауласында балалардың көзінше анасына шабуыл жасалғанын айтқан. Кейуана дәріханадан қайтып келе жатқан.

"Нашақор анама шабуыл жасап, басын жарып, әмиянын алып кеткен. Жасы 72-де. Алаңда балалар ойнап жатқан, ересектер болмаған. Балалардың сөзінше, ол анамның ізінен аңдып, артынан шабуылдаған. Жедел жәрдем мен полиция келді. Алматы қалалық ішкі істер департаментінен біздің ауданға тәртіп орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраймын", - деді автор.

Оның сөзінше, қазір ықшамаудан қауіпсіз емес.

"Жігіттер үнемі сөмкемен келіп, есірткі тастап кетеді. Кіреберісте, балалар алаңында есірткі қояды. Тәулік бойы есірткі сатып алушылар ауланы аралап, жердің бәрін қазып жүреді. Шара қолдануды сұраймын. Бізде 8-ықшамауданның маңында екі мектеп бар. Балалар үшін қорқамыз, есірткі қолданған күдікті жігіттер мен қыздардың саны артып бара жатыр", - деп жазды ол.

Аталған жайтқа қатысты пікір алу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы полициясына жүгінді.

"Ұрлыққа қатысты Әуезов аудандық ПБ бөлімшесі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шеңберінде аталған тұрғын алапта құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстардың жолын кесу бойынша жергілікті пысықтаулар жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз: патрульдік полиция жасақтары нығыздалып, жаяу патрульдеу іске қосылды", - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2149950-basyn-zhardy-almaty-turgyny-tal-tuste-anasyna-shabuyl-zhasalganyn-aityp-shagymdandy/