Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Немересі зейнетақы картасы мен үй құжатын алып кеткен": Шымкентте жалғызбасты кейуананың үйі қоқыс қоймасына айналған

Жарияланған күні:

қоқысқа толы үй
Жалғызбасты қарияның қоқысқа толы үйі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шымкентте бұрын дәрігер болған жалғызбасты кейуана қоқыста өмір сүруге мәжбүр. Кей күндері тіпті тамақ та ішпейді екен, себебі немересі зейнетақысы түсетін картасын алып кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

80 жастағы Раиса Павловнаның Шымкенттегі Республика даңғылындағы 31-үйде тұрып жатқанына ширек ғасырға жуықтаған. Қаладағы ауруханалардың бірінде дәрігер болған әжей қазір қоқыс арасында тұруға мәжбүр. Айналдырған бір бөлмеде ас ішіп, дәрет сындыратын кейуананың сыртқы есігі де жабылмайды. Оны жалғыз немересі келіп сындырып, зейнетақы түсетін карта мен үй құжаттарын түгелдей алып кеткен.

"Бір жағынан әжейді аяймыз. Өзінің көзі де көрмейді. Осындай қоқырсық арасында тұрып жатқанына міне үш жыл. Содан бері үйдің кіреберісін нәжіс иісі жайлап, көпқабатты үйге кірудің өзі жиіркенішті болып кетті", - дейді көршілері.

Қазір қарияға көршілерінен өзге қол ұшын беретін жан қалмаған. Бірі ыстық тамақ әкелсе, бірі ішетін суын беріп кетеді екен. Кейде ол да жоқ. Мысалы, біз барғанда зейнеткер үш күннен бері нәр татпағанын айтты.

Раиса Павловна
Раиса Павловна. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Әкімдікті бір емес, екі рет шақырдық. Бірақ келтіре алмадық. Міне деді, әні деді. Кеше де бір кісіге хабарластық. "Ойбай! Біз келеміз-келеміз" деді. Бірақ келген ешкімді көрген жоқпын. Учаскелік полиция келіп, әкімдікке жолдадым деді. Бірақ одан қолдау көрсетіп жатқан ешкімді көрмедім", - дейді көршісі Зәуре Букенова.

Бұған дейін қарттар үйіне де хабарласқан тұрғындарға емхана дәрігерлері құжат жинауды тапсырған екен. Сөйтіп оған көру қабілеті әлсіз Раиса Павловна кірісе алмаған. Сөйтіп амалдың жоғынан құрт-құмырсқа арасында жатқан кейуанаға ақыры әкімдіктің назары ауған.

"Үйін зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында пәтердің санитарлық нормаға сәкес еместігі анықталды. Осы бойынша аудандық коммуналдық мекемелер тарапынан тиісті мамандар бөлініп, пәтердің тазалық жұмыстары толық атқарылатын болады", - дейді Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудан әкім аппараты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Бақтияр Салиев.

Әкімдік өкілдері жақындарының келісімімен Павловнаны қарттар үйіне апарамыз дейді. Сондай-ақ зорлықпен әжесінің зейнетақысы мен үй құжаттарын алып кеткен немересінен мүлікті қайтаруға кіріспек.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2150986-nemeresi-zeinetaqy-kartasy-men-ui-quzhatyn-alyp-ketken-shymkentte-zhalgyzbasty-keiuananyng-uii-qoqys-qoimasyna-ainalgan/