Ақтөбеде абайсызда танысын өлтіріп алған жас жігіт 1,6 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде жастар арасындағы төбелес екі сотқа әртүрлі баппен түсті. Бірінші өлім бойынша "Адам өлтіру", "Бұзақылық" баптарымен айып тағылды. Екінші өлім "Абайсызда қазаға ұшырату" бабымен үкім шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбе қаласының №2 сотында абайсызда қазаға ұшырату бабымен айыпталған 20 жастағы соталушыға үкім шықты. Оған ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігімен айып тағылған.
Қайғылы оқиға биыл қаңтар айында болды. Ақтөбедегі екі елді мекеннің жастары арасындағы төбелес екі адамның өлімімен аяқталды. Бұл оқиғаға қатысты іс екі сотта қаралды. Облыстық сот мұны екі өлімге қатысты тағылған айыптың бөлектігімен түсіндіреді.
Бірінші баланың өлімі бойынша іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Жасөспірімдер арасындағы жанжалда "Кісі өлтіру", "Бұзақылық" баптарымен айыпталған алты адам күдікті ретінде танылған.
Ал екінші 18 жастағы баланың өлімі бойынша 20 жастағы сотталушы айыпты деп танылды. Сот үкімімен оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Іс материалдарына сүйенсек, сотталушы өзінің таныстарымен бірге басқа елді мекеннің балаларымен сөйлесуге барып, арты төбелеске ұласқан. Төбелес барысында сотталушы Ғ. пышақ жарақатын алып құлаған. Кейін жердегі пышақты алып, қорғану мақсатында сермеген. Сол жерде байқаусызда өзімен бірге барған танысына сұғып алып, абайсызда қазаға ұшыратқан.
Сотталушы кінәсін толық мойындайды. Жәбірленушіні абайсызда қазаға ұшыратқанына өкініш білдіреді.
Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 6 млн тенге моральдық зиян және 800 мың теңге өкілдік шығын өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, қайғылы жағдай биыл қаңтардың 2-нен 3-не қараған түні қаладағы Қызылжар тұрғын үй алабында "Алмаз" дүкенінің жанында болған еді.
Қайтыс болған екі жасөспірім де 17 жаста еді. Олар кәсіби спортпен шұғылданып, республикалық сайыстарға қатысқан. Прокурор оқыған айыптау актісіне сүйенсек, жанжал әлеуметтік желіде басталып, ушыққан.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2159082-aqtobede-abaisyzda-tanysyn-oltirip-algan-zhas-zhigit-1-6-zhylga-sottaldy/