"Астана" станциясында күкірт қышқылы төгілді
Жарияланған күні:
"Астана" станциясында күкірт қышқылы төгілді. Қазір сұйықтықтың ағуы тоқтатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
СЭБД ақпаратына сүйенсек, 10 қыркүйекте "Астана" станциясының диспетчерінен жүк пойызының теміржол цистернасынан күкірт қышқылы төгілгені туралы ақпарат түскен.
Пойыз Челябинскіден Жаңатас қаласына бара жатқан. Вагондарды тексеру барысында сызат анықталған, сұйықтық содан аққан.
Мамандар күкірт қышқылының бар-жоғын анықтау үшін атмосфералық ауаның үлгісін алған. Зерттеу нәтижесінде рұқсат етілген концентрациядан асып кету белгісі анықталмаған.
Қазіргі уақытта сұйықтықтың ағуы тоқтатылды. Зардап шеккендер жоқ.
Осы тұста департамент өкілдері күкірт қышқылының қаншалықты зиян екенін айта кетті.
Күкірт қышқылы – ең белсенді және қауіпті химиялық заттардың бірі. Ол теріге, шырышты қабаттарға және тыныс алу жүйесіне қатты тітіркендіргіш әсер етеді.
Күкірт қышқылының буларымен және аэрозольдерімен ұзақ уақыт байланыста болған кезде мыналар пайда болуы мүмкін:
- жүйке жүйесінің зақымдануы;
- өкпенің ісінуі және тыныс алу жолдарының күйіктері;
- көздің көру қабілетінің жоғалуына дейін зақымдануы;
- терінің химиялық күйіктері.
Күкірт қышқылы тиген жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтау және зардап шеккен аймақтарды дереу суық сумен шаю қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2159823-astana-stantsiiasynda-kukirt-qyshqyly-togildi/