"Өзі мас күйде көлік айдап, әйелі полицейді қағып кеткен": Ақтөбеде экс-депутаттың ұлы қамауға алынды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтөбеде танымал кәсіпкер әрі экс-депутаттың ұлы істі болды. Алкогольге мас күйде "Lexus" тізгінінде болған 29 жастағы ер адам 15 тәулікке қамалды. Ал сол көлікпен полиция капитанын сүйреген әйел үйқамақта отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы "Lexus" жүргізушісіне қатысты екі істі жеке-жеке қарады. Оның бірі 608-бап (Жүргізушінің көлік құралын алкогольге, есірткіге және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру), екіншісі 596-бап (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу). Қос бап бойынша сот қаулысы шықты. Жүргізушінің құқық бұзғаны дәлелденді.
Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 22 қыркүйек таңғы сағат 04:12 шамасында Ақтөбе қаласындағы Pablo мейрамханасының алдында болды. Полиция жолдың қарсы бағытына шыққан Lexus көлігін қуып жүріп тоқтатқан. Медициналық тексеру нәтижесінде жүргізушіден алкоголь метаболиттері анықталған.
Құқық бұзушылық жасаған 29 жастағы ер адам көлікті ағасы тастап кеткенін, оны басқармағанын, таксимен келгенін, кілт алу үшін отырғанын айтқан. Десе де сот барысында оның көлікті өзі басқарғаны, масаң күйде болғаны бейнежазба және медициналық құжаттармен дәлелін тапты.
Сот зерттелген дәлелдемелер жиынтығын негізге алып, құқұқ бұзушының уәждерін негізсіз деп тапты.
Осылайша мас жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 (он бес) тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды. Екінші істе 596-бабы 3-бөлімімен кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облыстық ПД полиция капитанын капотында сүйреген ерлі-зайыптылардың ұсталғанын хабарлады. Күйеуін жауапкершіліктен құтқармақ болған әйел полиция капитанын көліктің капотында сүйреген. Бұл оқиғаға қатысты іс тергеу сотына түскен, күдікті екі айға қамауға алынды.
Әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтерде әкімшілік жауапқа тартылған құқық бұзушы "Автопарк" ЖШС-нің қожайыны, экс-депутаттың ұлы екені айтылады. Кәсіпкердің өзі 2016 жылы ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айрылды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2166306-ozi-mas-kuide-kolik-aidap-aieli-politseidi-qagyp-ketken-aqtobede-eks-deputattyng-uly-qamauga-alyndy/