Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында қамыс өртеніп жатыр

Жарияланған күні:

Атырау облысында қамыс өртеніп жатыр
Атырау облысында қамыс өртеніп жатыр. Фото: ТЖМ

Төтенше жағдай министрлігінің әуе авиациясы мамандары Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіріп жатыр. Ведомство өкілдері өрттің елді мекенге таралу қаупі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ТЖМ-ге сілтеме жасап.

"7 қазанда ТЖД күштері мен құралдары облыс аумағында орын алған қамыс өртін сөндіруге жұмылдырылды. Әуеден аэровизуалды барлау жұмысы кезінде Құрманғазы ауданынан 43 км қашықтықта 5 га аумақта қамыстың бықсып жатқаны анықталды. Сонымен қатар Құрманғазы ауданынан 20 шақырым км  жерде 3 га аумақта қамыстың жанып жатқаны анықталды", - делінген хабарда.

7 қазанда сағат 17:00-ден бері "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысы арқылы әуеден жану ошақтарына 30-дан астам тонна су төгілді.

Бүгін 8 қазанда қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда.

"Елді мекенге таралу қаупі жоқ. Облыс аумағындағы өрт жағдайының мониторингі ерекше бақылауда", - дейді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, 6 қазанда Қазақстанның екі өңірінде ірі дала өрті болып жатқанын хабарлаған едік. Кейінірек Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапқаны белгілі болды.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері дала өртін сөндіру кезінде күйік шалған 4 өрт сөндірушінің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.

7 қазанда, сағат 18:30-да ТЖМ өкілдері екі облыста өрт шалған аумақ 45 мың гектарға жеткенін хабарлады.

8 қазанда ірі өрт шыққан Қарқаралы ауданының әкімі өңірдегі ахуал туралы баяндады.

Прокуратура өкілдері Қарқаралы ауданында өртке байланысты өңір тұрғындарына үндеу жасаған болатын.

8 қазанда Қарағанды облысы аумағындағы ірі өртте зардап шеккен бесінші адам ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2171496-atyrau-oblysynda-qamys-ortenip-zhatyr/