Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес бала көз жұмды

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Өрт-сөндіру жұмыстары. Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Бүгін таңға жуық Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан бес бала қаза тапты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған.

"Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды.

Балалардың үлкені – 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген", - делінген ведомство хабарламасында.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкесі қамауда отыр.

Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.

"Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажет көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр

Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бас прокурордың бақылауына алынды.

ТЖМ өкілдері тұрғындардан кәмелетке томаған балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2172972-qostanai-oblysynda-zheke-turgyn-uiden-ort-shygyp-bes-bala-koz-zhumdy/