Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шетінеп кету қаупі жоғары болды": Алматыда жүрек ақауымен туған сәбиге күрделі ота жасалды

Жарияланған күні:

сәби
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматылық дәрігерлер жүрек ақауымен туған нәрестеге күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылымның мәліметінше, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына туабітті жүрек ақауы диагнозымен жаңа туған нәресте түскен.

Мамандар тексеру барысында оның жүрегіндегі магистральді тамырлардың жұмысы мен артериалды қан айналымының бұзылғанын анықтады. Оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде күрделі ота жасалды.

Жамбыл облысынан келген нәрестенің іште жатқанда оттегі тапшылығы салдарынан орталық жүйке жүйесі зақымдалып, ағзадағы билирубин мөлшері де тым жоғары болған.

Балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Генадий Нигайдың айтуынша, нәресте ауруханаға ауыр халде жеткізілген.

"Шетінеп кету қаупі жоғары болғандықтан жедел түрде ота жасау қажет болды. Кардиохирургтермен бірге күрделі ота жасалып, туабітті жүрек ақауы емделді, жүректегі тесік бітеліп, қан айналысы реттелді",- деді дәрігер.

Айтуынша, операция ақысы міндетті медициналық сақтандыру есебінен төленеді. 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жарнасын төлеуден босатылған, олар мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа кіреді.

"2 сағатқа созылған операция сәтті өтті. Қазір нәрестенің жағдайы жақсарды, ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Мұндай балалар болашақта қалыпты өмір сүреді, бірақ кардиологтардың бақылауында болуы тиіс",- дейді кардиохирург дәрігер Қайрат Қуатбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1956466-setinep-ketu-qaupi-zogary-boldy-almatyda-zurek-aqauymen-tugan-sabie-kurdeli-ota-zasaldy/