Барлық мәселе отбасында: Жамбылдың бас дәрігері аурудың көп түрі қалай пайда болатынын айтты
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Меркі аудандық ауруханасында Еуропалық талаптарға сай Үздік тәжірибелер орталығы атауымен жаңа жоба жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетудің жаңа әдісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдаған, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпараттық агенттігі.
Орталық өткен жылы тамыз айында ашылған. Емдеу мекемесінің ашылуына ДДСҰ Еуропалық кеңсесінің директоры Мэлита Якуп және Азиялық кеңсенің директоры Арнольдас Юргутис арнайы келіп қатысқан.
«Үздік тәжірибелер орталығының» ең басты ерекшелігі - қоғамға, адамға бейімделген бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жүзеге асыру,- дейді мекеменің бас дәрігері Жанар Оспанова.
«Біздің басты мақсатымыз бастапқы көмекті халыққа қолжетімді және сапалы ету. Соған байланысты біз үш принципті қолдандық. Біріншісі, емханада кезек күттірмей медициналық қызмет алу, ол үшін бүкіл қызметтерді электронды денсаулық сақтау жүйесіне 100% өткізіп, науқастар үйде отырып дәрігердің қаралуына жазыла алады. Одан бөлек QR кодтар арқылы жазыла алады. Осы арқылы біз ауруханаға келетін науқастардың сағаттап кезекке күтуін жойдық. Ең бастысы осы электронды жүйе арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық жойылды», – деп түсіндірді аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Мықтыбекқызы.
Емханадағы тағы бір ерекшелік - келетін барлық науқастардың бағытын анықтау. Яғни, сау науқастарды ауру науқастардан ажырату. Дені сау, скрининг-профосмотрға келетін науқастарды жасыл аймаққа қарай, ал консультациялық, диагностикалық ем алуға келген науқастарды сол жаққа, сары аймаққа бағытталған.
Жеке жедел медициналық көмекті қажет ететін науқастарды қызыл аймаққа орналастырып, 10 минутқа дейін медкөмек көрсетіліп, науқастардың өміріне төніп тұрған өлім қаупін азайтып, жағдайын тұрақтандырып, реанимация бөліміне жатқызады.
Ескере кететін тағы бір жайт, жаңа жоба жүзеге аса бастағаннан кейін Меркі ауданында алғашқы медико-санитарлық көмекке түсетін шағымдар 80% азайған.
Ауруханаға келген науқасты әр жерге жіберіп, күттіріп жүрмейтіндей, сұрағын шешіп кетуге толық жағдайлар жасалған.
«Ауру қайдан пайда болады? Барлық мәселе отбасында. Адамдар дұрыс тамақтанбайды, әлеуметтік жағдайы қалай, отағасы ішімдік ішуі мүмкін, отбасындағы психикалық жағдай нашар болуы мүмкін дегендей. Сондықтан, әрбір учаскедегі әлеуметтік қызметкер ауырып келген отбасыға арнайы портрет жасайды, ол жерде қандай проблема бар, аурудың қайдан шыққаны, себебі деген сияқты түрлі мәселелер қарастырылып, бағаланады.
Сосын сол әлеуметтік мәселелер арқылы, әкімдік арқылы көмек көрсету немесе отбасындағы адамдармен, ата-анасымен жұмыс жасау деген сияқты жұмыстар атқарылады.
Әлеуметтік қызметкерлер дегеніміз арнайы дайындықтан өткен мамандар. Олардың басты мақсаты өз учаскесіндегі әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау. Мысалы, әкесі мен анасы жұмыссыз болса, әкімдікке шығып, жұмыс тауып беруге, АӘК тағайындауға, өзінің заңдық құқығын білмейтін тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуді жүзеге асырады. Осы жаңа жобаны қосымша тағы төрт ауданда жүзеге асырғалы жатырмыз. Қордай, Рысқұлов, Талас аудандары және Шу қалалық емханасында.
Бізге басты қолдау көрсетіп отырған «Premy Health Care» ұлттық ассоциациясы. Олар бізге нақты мамандарды беріп, қалай ұйымдастыру керек, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оларды оқыту, адами капиталға инвестиция жасау сынды үлкен мәселелерді бірлесе шешіп жатырмыз», -деді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1958974-barlyq-masele-otbasynda-zambyldyn-bas-darigeri-aurudyn-kop-turi-qalai-paida-bolatynyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.