Ересектер мен балаларда қандағы қант мөлшері қанша болуы керек
Жарияланған күні:
Ересектер мен балалар қанындағы қант мөлшерінде едәуір айырмашылық болады. Түрлі себептерге байланысты қандағы қант мөлшері көбейіп немесе азайып отыруы мүмкін. Бүгінгі мақалада қандағы глюкоза көлемінің қанша болуы керек деген сауалға жауап іздейтін боламыз.
Ересектердің қанындағы қант мөлшері
Қандағы қант (глюкоза) мөлшерін гликемия деп атайды. А.Л.Галанттың айтуынша, глюкоза – моносахарид әрі ол ағза үшін қоректік зат болып саналады. Ағзадағы глюкоза мөлшерін үнемі бақылап отыру қажет, себебі оның шамадан тыс артық немесе кеп болуы денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Қандағы қант мөлшерін анықтау үшін медициналық мекемеге барып, саусағыңыздан қан алдыртып, қан талдамасын жасатуыңыз керек. Ал қан тапсырмастан бұрын, төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:
- Қан талдауын аш қарын күйде жасатыңыз. Сол себепті қанды таңертең тапсырған абзал. Таңғы астың орнына газдалмаған су ішуге рұқсат етіледі.
- Қан алуға дейін кем дегенде тоғыз сағат бұрын тамақтануыңыз шарт. Кешкі ас жеңіл, қуырылған және майлы тағамдарсыз болуы тиіс.
- Қанды тексергенге дейінгі бір күн ішінде ішімдік ішпеңіз.
- Қан талдауын жасатқан күні стресстен арылып, ауыр жұмыс істемеуге тырысыңыз.
- Қан талдауын жасатқанға дейінгі 2-3 сағат темекі шекпеңіз.
Талдау нәтижелерін алғаннан кейін көрсеткіштердің қандай екеніне көз жеткізуге болады. Ерлер мен әйелдердің қанындағы қанттың қалыпты мөлшері бірдей, бұл көрсеткіштерге тек олардың жасы ғана әсер етеді.
Ересектердің қанындағы қант мөлшері қандай? Е.В.Бруцкая-Стемпковскаяның айтуынша, капиллярлық қандағы глюкоза мөлшері – 3,35,-5 ммоль/л. Жас өскен сайын аталған көрсеткіштер артуы мүмкін:
- 40–59 жас — 3,89-5,83;
- 60–90 жас — 4,6-6,4;
- 90 жастан асқанда — 4,2-6,7.
Тамақтанғаннан кейін қандағы қант мөлшері 7 ммоль/л-ге дейін артуы мүмкін. Кейін бірнеше сағат өтсен соң, қандағы глюкоза мөлшері қалыпты деңгейге келеді.
Егер қандағы глюкоза мөлшері ұзақ уақыт бойы жоғары болып тұрса, бұл жағдайды гипергликемия деп атайды. Егер керісінше ол 3,3 ммоль/л-ден төмен түссе, бұл гипогликемия деп аталады. Қанттың жоғары немесе төмен концентрациясымен мүмкін патологияларды анықтау үшін қосымша қан анализі жасалады.
Қанда қант көлемі шамадан тыс көп немесе аз болса, онда қосымша қан талдаулары тағайындалады. Айта кетерлігі, осы арқылы ағзадағы патологияларды анықтауға болады.
Балалардың қанындағы қант мөлшері қанша болуы тиіс?
6 жасқа дейінгі балаларда қандағы қант мөлшері 3,3-тен 5 ммоль/л-ге дейін болады, ал 6 жастан асқан соң аталған көрсеткіш 5,5 ммоль/л-ге дейін ұлғаяды.
Егер қандағы қант концентрациясы нормадан жоғары не төмен болса, бала денсаулығын жіті қадағалаған жөн. Роберт Преэкттің айтуынша, бала қанында глюкозаның көп мөлшерде болуы түрлі асқынуларға, соның ішінде бүйрек аурулары мен жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының асқынуларына әкеп соғуы мүмкін. Егер керісінше балалардың қанындағы глюкоза мөлшері аз болса, онда есінен танудан бастап, комаға түсу сияқты сананың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Алайда алғашқы қан талдауынан кейін қандағы қант мөлшерінің ауытқуына бола, алаңдауға болмайды. Қанда глюкозаның көп немесе аз болуы басқа да факторлардың әсері болуы мүмкін.
Қандағы қант көлемінің көбеюі келесі жағдайларда байқалуы мүмкін:
- қан талдауына дайындықсыз бару;
- қабынуға қарсы препараттарды жиі қолдану;
- дұрыс тамақтанбау;
- артық салмақ;
- суды жеткілікті мөлшерде ішпеу.
Қандағы қант концентрациясының төмендеуі келесі факторларға байланысты:
- ағзада су көлемінің азаюы;
- дұрыс тамақтанбау;
- талдау алдында денеге физикалық салмақ түсіру;
- уақтылы тамақтанбау немесе ұзақ уақыт бойы тамақтанбау.
Егер қан талдауы дұрыс болмаса, қатты қорықпаңыз. Мұндай жағдайда дәрігер ағзадағы ауытқуларды анықтау үшін, қосымша қан талдауларын тағайындайды. Қандағы қант көлемі көп немесе төмен болса да, оны қалыпқа келтіруге болады. Гормондық жүйенің жұмысын тұрақтандыру үшін, тамақтану мен ағзаның физикалық белсенділігіне мән берген жөн.
Назар аударыңыз! Материал тек ақпараттық сипатта дайындалды. Дәрігердің кеңесіне алдын-ала жүгінбей, жоғарыда сипатталған емдеу әдістерін қолданбау керек.
Дереккөздер:
1. Бруцкая-Стемпковская Е.В. Қант диабеті жалпы дәрігер тәжірибесінде. – Минск: УО «Белорусский государственный медицинский университет», 2020. – 36 б. — Қолжетімділік режимі: https://www.bsmu.by/downloads/kafedri/k_ovp/2020/saharny_diabet.pdf
2. A. L. Galant, R. C. Kaufman, J. D. Wilson. Glucose: Detection and analysis // Food Chem. – 2015. – 1 December. – Қолжетімділік режимі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/26041177/
3. Robert Preidt. Optimum Blood Sugar Level for Kids With Type 1 // WebMD. – 2014. – 16 June. Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/diabetes/news/20140616/experts-revise-optimum-blood-sugar-level-for-kids-with-type-1-diabetes
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1965749-eresekter-men-balalarda-qandagy-qant-molseri-qansa-boluy-kerek/