Вакциналардың тиімділігі және "тамыр-таныс" арқылы емделу: Ажар Ғиният KAZ.NUR.KZ-ке көлемді сұхбат берді
Жарияланған күні:
Тоқсаныншы жылдары дәрігерлерге қандай қиындықты еңсеруге тура келді, ковидке қарсы вакциналар қаншалықты оң нәтиже көрсетуде және кезекті локдауннан бизнес үрейленуі керек пе? Осы және өзге сұрақтарға "Министрмен таңғы ас" жобасында журналист Әсел Кенжалинаға сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
– Еңбек жолыңызды Атыраудағы емханада учаскелік педиатр болып бастадыңыз. Бүгінде Денсаулық сақтау министрі ретінде 90-жылдардың басындағы медицинаның даму деңгейін қалай бағалар едіңіз? Дәрігерлерге қандай қиындықтарды еңсеруге тура келді?
– 90-жылдар денсаулық сақтау саласы үшін ең қиын жылдар болды. Емханада жұмыс істедім, жедел жәрдемде қосымша жұмыс атқардым, артынша жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа орналастым. Ауыр немесе орташа ауыр жағдайдағы науқастарды кездестіргенімде, учаскелік дәрігер ретінде оларды ауруханаға жіберуіме тура келетін, содан кейін олармен байланысым үзіліп отырды. Ал мен оларға соңына дейін бас-көз болып, емдеп, нәтижесін көргім келді. Сондықтан алғашында жұқпалы аурулар ауруханасында кезекшілікті атқарып жүрдім, кейін инфекционист-дәрігер мамандығына толықтай ауыстым.
Бүгінгі күнмен салыстырар болсақ, ол кезде дәрігерлер, вакциналар, дәрі-дәрмектер жеткіліксіз еді. Медициналық институтта тек суреттерден ғана көріп-зерттеген аурулармен алғаш рет күресуге тура келді. Науқастардың туыстарына қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, дәрі-дәрмекті өз қаражатына сатып алуға тура келетін. Ауруханаларда қандай да бір технология, не заманауи құрал-жабдықтар түгілі, төсек-орын да болмады. Тек бүгінгі таңда кейбір аудандық медициналық мекемелерде компьютерлік томография, ангиограф бар, ал ол кезде стационарлық рентген аппаратының болуының өзі бақыт еді. Сондықтан дәрігерлер өз тәжірибесіне, біліміне, клиникалық, аналитикалық ойлауына ғана сүйене алды. Ғаламтор жоқ, Алматыдан, Мәскеуден медициналық әдебиеттерге тапсырыс беретін, сосын бір-бірінен тым болмаса бір күнге оқуға беруін сұрап, тың дүниені біліп отыруға тырысатын.
– Демек мектеп мықты болды дейсіз ғой. Қалай ойлайсыз, бүгінде жас кадрлар ескі мектептің деңгейіне жете ала ма, әлде қазір оларға бәрі әлдеқайда жеңіл болғандықтан, көп нәрсені білудің қажеті шамалы ма?
– Оларға әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Өңірлерді аралап, ЖТД және учаскелік терапевтермен сөйлескенде, мысалы, гипертониялық аурумен ауыратын науқасты көргенде, олардың бірден жолдамаларды тізіп жазып беретініне таң қаламын. Ал бұл учаскелік дәрігерлер емдей алатын қарапайым ауру. Егер әрбір науқасқа жеке ем тағайындау керек болса, неліктен тар шеңберлі мамандардың кеңесін шаблон бойынша барлығына бірдей тағайындайды. Оның үстіне бүгінде барлық ауруды емдеу, диагностикалау және оңалту протоколдары бар, ол қарап шығуға болатын анықтама кітапшасы іспеттес. Қазір әрбір ауру цифрландырылған, емдеу стандарты бар, оны әрбір жеке науқастың ерекшеліктерін ескере отырып кез келген уақытта қарауға болады.
– Ал енді кейінгі 2 жылдағы ең өзекті тақырыптардың біріне – COVID-19-ға келер болсақ. коронавирустің қайта оралуына не себеп?
– Алғашында коронавирус агрессивті болды, кейін адамдар өзін-өзі қорғай бастады, ғалымдар вакцина жасады, біреулерде аурудан кейін иммунитет қалыптасты, біреу вакцинациядан кейін иммунитет алды. Вирус – тірі организм, ол өмір сүргісі келеді, сондықтан ол үнемі өзгеріп отырады. Осы себепті жаңа штамдар пайда болып жатыр. Ковид әрқашан бізбен бірге болатынын түсіну маңызды, бірақ біздің міндетіміз оны жеңу немесе оны әлсірету жолдарын табу. Аурулардың көбеюі қазіргі демалыс, туристік сапарлар уақытымен байланысты, адамдар құрлықтан құрлыққа саяхаттап, вирусті таратады.
– Қазақстандықтарға жасалған вакциналардың тиімділігіне қатысты қандай да бір зерттеулер жүргізілді ме? Олар қандай нәтиже көрсетеді? Қайсысы тиімділік бойынша тізімде көш бастап тұр?
– Әрине. Вакциналарды өндіріске жібермес бұрын зерттеудің барлық кезеңі жүргізілетін сияқты, тиімділікке де зерттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда тек біздің елімізде 12 миллион адам КВИ-ға қарсы егілді және олардың әрқайсысы вакцинациядан кейінгі иммунитетті тексере алады. Вакцинаға келетін болсақ, біздің отандық QazVac вакцинасы, сондай-ақ Sputnik V және Pfizer өте жоғары тиімділік көрсетуде. Sinopharm 50-60% тиімділік береді.
– QazVac ақыры Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданды ма?
– Бұл өте ұзақ процедура. ДДСҰ мамандары келіп, өндірісті, вакцинаның барлық стандарттарға сәйкестігін зерттейді. Бізге ұсыныстар бұрын берілді, біз барлық қажетті шараны қолдандық. Күзде ДДСҰ өкілдері өз бағасын беру үшін қайта келуі керек. Әзірге QazVac түпкілікті мақұлдауын алған жоқ.
– Есіңізде болса, елде бұл вакцинаға қатысты жанжал болды: ғалымдар мен дәрігерлер клиникалық сынақ нәтижелері жоқтығы мен күмәнді компоненттерді алға тартып, отандық препаратпен вакцинациялауды ұсынбады.
– Барлық зерттеу аяқталды, ғалымдарымыз барлық мәселе бойынша түсініктемелер берді. Сонымен қатар олардың жұқпалы аурулармен жұмыс жасауда және вакциналарды әзірлеуде мол тәжірибесі бар. Біздің аумақтың жартысында аса қауіпті аурулардың табиғи ошақтары бар. Біздің ғалымдарымыз өмір бойы патогенді агенттерді алып, вакциналар мен диагностикалық әдістерді әзірледі. Сондықтан олардың құзыреті мен жұмысының сапасына күмәндануға негіз жоқ.
– Қазақстандағы бизнес ВАК іс-шараларды болдырмау, мекемелер мен дүкендердің жұмыс уақытын қысқарту, кейбір ұйымдарды қашықтан жұмыс істеуге көшіру сияқты 2020 жылы жүргізілген барлық қатаң шараны қайтарады деп алаңдайды – мұндай сценарий қаншалықты мүмкін?
– Бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты ескере отырып, барлық шектеу шарасы енгізілді. Шынында да, бастапқыда барлық аурухана толып кетті, науқастарға төсек-орын жетіспеді, тіпті дәліздерде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылуға, көшеде емделуге тура келді. Көптеген елдегі жүйелер оған төтеп бере алмады. Инфекцияның берілу тізбегін механикалық түрде үзу үшін бізге локдаун енгізіп, барлығын жабуға тура келді. Қазір, бақытымызға орай, мұның бәрі жоқ. Сондықтан шектеуші карантиндік шаралар туралы алаңдаудың қажеті жоқ. Тіпті күніне 16 мыңға дейін адам ауырған қаңтар толқынында да қатаң шектеулер болған жоқ. Әзірше біз ковидтің ағымын, салдарын, емханалардағы, жедел жәрдем машиналарындағы, стационарлардағы жүктемені бақылап отырамыз. Тамыз айының соңына қарай жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіні белгілі болады деп ойлаймыз. Жағдай күнделікті бақылауда, алдағы 2 апта бұдан әрі не істеу керектігін көрсетеді.
– Маска мәселесіне келер болсақ. Жасыратыны жоқ, көптеген адам масканы көрініс үшін ғана киеді, көбінесе оны он реттен пайдаланады немесе көпмәртелік маскаларын жумай тағады. Қазір де солай болады. Сонда маска киюдің мағынасы бар ма?
– Соңғы 2 төтенше жыл бізге ештеңе үйретпеген болса, өкінішті. Бірақ көпшілік медициналық маскалардың маңыздылығын түсінеді деп үміттенемін. Біз оларды әлі де адамдар көп жерде, тіпті жасыл аймақта орналасқан аймақтардың тұрғындарына киюді ұсынамыз. Әрбірден кейін, маска вирустық жүктемені 2-3 есе азайтады. Кем дегенде, аурудың ағымы жеңіл болады. Сол сияқты вакцинацияны да назардан тыс қалдырмаған дұрыс.
– Қазақстанда маймыл шешегі дертіне қатысты жағдай қалай? Біз оған дайынбыз ба?
– Қазіргі уақытта қазақстандық медицина қызметкерлері осы салада жан-жақты оқудан өтіп жатыр, осыған ұқсас ауру белгілері күнделікті бақылауға алынған. Әзірге бізде маймыл шешегі ауруын жұқтыру жағдайлары болған жоқ, бірақ диагностикаға қажеттінің бәрі бар, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Ауа тамшылары арқылы берілетін КВИ-ден айырмашылығы, маймыл шешегі жанасу арқылы беріледі, сондықтан бұл аурудың үлкен ошақтары болмайды.
– Жақында Денсаулық сақтау министрлігіне келіп түскен шағымдардың 70%-ы сапасыз медициналық көмекке қатысты екені белгілі болды. Сіздер бұнымен қалай күресесіздер?
– Бұл жүйелі мәселе және біз баса назар аударып отырған басты бағыт. Көптеген шағым медициналық ұйымдардағы қызмет көрсету сапасына қатысты болғандықтан, біз жергілікті жерлерде пациенттерді қолдау қызметін күшейтеміз. Адамдар барлық туындаған мәселені сол жерде шеше алуы маңызды және оларға бұл үшін дайындалған мамандар көмектеседі. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарда жаңа қызметкерлер пайда болып жатыр – клиника мен пациенттің өзара әрекеттесуін үйлестіре алатын үйлестірушілер, әкімшілер. Мәселен үлкен кезек жиналып қалса, олар бірден себебін тауып, шешімін табады. Біз үшін медициналық көмектің сервистік үлгісіне бейімделу маңызды. Бұл бағытта барлық нормативтік база қайта қаралып, емделушілердің құқығын қорғайтын мамандар даярланатын болады. Науқас кез келген жанжалды жеңуге және кез келген қиын жағдайды дер кезінде және сол жерде шешуге көмектесетін осындай мекеменің, қызметтің бар екенін білуі керек.
– Бізде, неге екені белгісіз, егер ауруханаға туыстарынан біреу түссе, емделуін жеке бақылап, қамқорлыққа алуы үшін адамдар дәл осы ауруханадан немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тамыр-таныс іздей бастайды. Әйтпесе, көбісі сапалы медициналық көмек күтпейді. Қазақстандықтар біздің медицинаға неге сонша сенбейді? Осы сенімсіздікті түсінесіз бе?
– Мен 90-шы жылдары жұмыс істеп үлгердім, сондықтан ескі жүйемен де, бүгінгі жүйемен де таныспын. Елімізде қалыптасып қалған жағдай, медицина болсын, білім саласы болсын, жұмысқа тұра ма, жоғары оқу орнына түсе ме, халық қайдан болса да тамыр-таныс іздеуге дағдыланған. Осындай менталитет. Барған жерде дәрігер болса да, олар басқа біреуді қосуға тырысады. Міне, осылайша, дәрігерлерімізді жаман үйретеді. Мен жақында бір есептемені зерттедім: бізде денсаулық сақтау жүйесі арқылы жылына 110 миллионға жуық адам келеді, республика бойынша күніне 20 мың жедел жәрдем шақырту тіркеледі, 3 мыңға жуық операция жасалады, сол 3 мыңның барлығы таныс іздейді деп ойламаймын. Бізде мұндай жекелеген жағдайлар болса да жаман, бұл денсаулық сақтау саласының дамуын, мысалы, трансплантологияны, бірнеше жылға артқа тастайды.
– Соңғы сұрақ. Қазақстан Үкіметіндегі екі әйел министрдің бірі болу қалай? Кабинеттегі әріптестеріңізден өзіңізге деген ерекше көзқарасты сезінесіз бе?
– Қызықты сұрақ. Өзіме деген ерекше көзқарасты сезінбеймін. Мемлекеттік қызметте әйелдер мен еркектер жоқ, мемлекеттік қызметкерлер бар. Сізге тапсырма беріледі, оны орындау керек. Олай болмаса, келесі деңгейге өтесің. Жалпы, біздің қазақстандық әйелдер ежелден батыл, қайсар, ақылды болған, өз басым маңызды шешімдер қабылданатын жерде олардың көп болғанын қалаймын.
– Ер адамға қарағанда әйелге саяси мансап құру қиынырақ па?
– Қиынырақ болуы мүмкін. Бәлкім, барлық жерде қиын шығар. Мұның бәрі кәсібилікке, жұмысқа деген көзқарасқа, жауапкершілікке және кейде тіпті кейбір шектеулерді қабылдай білуге байланысты. Жақын адамдардың қолдауы өте маңызды, өйткені жоғары лауазымдарда отбасыңа, балаларыңа, туыстарыңа көңіл бөлу әрдайым мүмкін болмайды.
– Мансап жолында көп нәрсені құрбан еткеніңізге өкінбейсіз бе?
– Менің жұмысым өзіме қызықты. Мен өз салам үшін өте маңызды іс жасағым келеді – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы жақсарса, оның ішінде ауылда да жақсарса, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауруханалар, емханалар, фельдшерлік пункттер, жедел жәрдем көліктері сағат тілі сияқты жұмыс істейтін болса, мен ешкімнің көңілін қалдырмасам, сонда мен өз миссиямды орындадым деп есептеуге болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1980555-vakcinalardyn-tiimdiligi-zane-tamyr-tanys-arqyly-emdelu-azar-giniyat-kaznurkz-ke-kolemdi-suxbat-berdi/