Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зерттеу: малдас құрып отырудың денсаулыққа пайдасы қандай

Жарияланған күні:

Малдас құрып отырудың пайдасы
Көрнекі фото: Pexels.com

Бүгінде медицина мамандары жерде тізерлеп отырудың әлдеқайда пайдалы екенін дәлелдеп шықты. Оның ішінде қазақтың кәдімгі малдас құрып отыруы да бар, деп хабарлайды Түркістан газеті.

Қазақтар ежелден малдас құруды ер адамның дұрыс отыру тәсілі деп санаған. Ал әйелдер оң аяғын астына басып, сол тізесін бүгіп отырған. Отырудың бұл түрін кейде қымыз бен сусын құйған кезде ерлер де қолданады. Кейде қазақ әйелі бір қырындап, аяғын астына басып, табанымен көйлегінің етегін жауып отырған.

Ғалымдардың айтуынша, бұлай отыру қан айналымын жақсартып, аяқ қан тамырларының жұмысына оң әсер етеді. Қан қысымы, жүрек ауруы сынды қазір әлемде кең таралған дерттің алдын алады.

Мәселен Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары 2020 жылы Proceedings of the National Academy of Sciences ғылыми журналында мынандай бір зерттеу жұмысының нәтижесін жариялады. АҚШ ғалымдары Танзаниядағы терімшілікпен, аң аулаумен айналысатын хадза тайпасының тіршілігімен танысады. Ғалымдарды бұл тайпа тұрғындарының жүрек-қан ауруларына мүлде шалдықпағаны қызықтырған.

Зерттеушілер тайпа өкілдеріне дене қозғалысын, қимыл белсенділігін, демалыс жай-күйін есептеп отыратын арнайы қондырғы тағып, бақылайды. Былай қарасаңыз, аңшылықпен, терімшілікпен айналысатын бұл тайпа бүкіл күнін физикалық қозғалысқа, жүріп-тұруға арнауы тиіс еді. Алайда бұл халықтың жүріп-тұруына қарағанда күннің астында жатып демалғаны көп болған. Яғни, тәуліктің бір сағаттан астам уақытын ғана физикалық белсендікке арнаған, қалған уақытын демалумен өткізген.

Аз қимылдаған адамның аурушаң келетіні белгілі. Бірақ бұл тайпаның қан қысымымен, жүрек ауруымен, созылмалы аурулармен сирек ауыратыны дәлелденген.

Ғалымдар аталған тайпаның бір ерекшелігіне, яғни, отыру әдісіне назар аударады. Олар өркениетті қоғамдағы адамдар сияқты орындыққа отырмайды, тізерлеп не тізе бүгіп отырады. Қазақтың кәдімгі малдас құруына ұқсас отырыс.

"Тізерлеп отырған адамда қан айналым жүйесі жақсарады. Өйткені аяқтағы бұлшық еттің бар бөлігіне күш түседі де, қан жақсы айналады. Тіземен отырған кезде аяқтағы бұлшық еттің бүкіл бөлігі қимылға келіп, қан айналымы, зат алмасуы жақсы болады. Ал орындыққа отырғанда адамда бұлай емес. Бұлшық еттің біраз бөлігі қимылсыз қалады”, – деп түсіндірді бұл заңдылықты ғалымдар.

Сондай-ақ тізерлеп не малдас құрып отырған кезде адамның аяқ бұлшық еттері көп энергия алады. Содан ағзадағы май энергияға айналып, семіздік болмайды.

Сондықтан ғалымдар кеңседе, орындықта көп отыратын адамдарға күніне ара-тұра тізерлеп не малдас құрып отыруға кеңес береді. Мәселен бір сағат орындықта отырдыңыз ба, арасында бір сәт тізе бүгіп отырыңыз. Одан бұлшық етке қалай қан тарағанын өзіңіз де сезесіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1983376-zertteu-maldas-quryp-otyrudyn-densaulyqqa-paidasy-qandai/