Алматылық дәрігер балаларға күніне қанша минут қозғалу керегін айтты
Жарияланған күні:
Дене белсенділігі бүгінгі күннің оқушылары үшін өте қажет. Олардың уақытының басым бөлігі отырумен, яғни мектепте сабақ оқумен және үйде үй тапсырмаларын отырып орындаумен кетеді, дейді KAZ.NUR.KZ тілшісіне Алматы қаласы №4 қалалық емханасының жалпы практика дәрігері Динара Қалиева.
Дәрігер атап өткендей, 1-11 сынып аралығында балалардың дене белсенділігі жартылай төмендейді, өйткені олар күндізгі уақыттың 85 пайызын отырып сабақ оқумен өткізеді.
"Мектеп оқушысының жұмыс күні жарты күнге жетуі мүмкін: мектепте алты сағаттан сегіз сағатқа дейін отырады, сабаққа кемінде төрт сағат және қосымша сабақтарға тағы екі сағат уақыт жұмсайды. Баланың жақсы ұйықтауы үшін кемінде 10 сағат қажет екенін ескерсек, қимыл-қозғалысқа олар аз уақыт жұмсайды. Тіпті бастауыштағы оқушылардың өзінде жүгіру мен ойнауға 20 пайыздан аз уақыт кетеді. Ал дене шынықтыру сабақтары аптасына екі-үш рет қана өтеді", – деп түсіндірді сарапшы.
Динара Қалиева оқушыларға күніне кем дегенде 60 минут қозғалу керектігін атап өтті. Мысалы, бір сағаттық белсенді футбол ойыны немесе велосипедпен жүру – бұл өсіп келе жатқан ағза үшін ең аз жаттығу. Сондай-ақ жылдам жүру не үйді тазартуға көмектесуге жұмсалған екі сағат та қажетті жүктемені бере алады.
"Егер бала ашық алаңдағы ойындарды ұнатпаса немесе спорттық секцияларға қызығушылық танытпаса, онымен бірге серуендеуге барыңыз. Көптеген бала туристік секциялар мен бассейнде жүзуді ұнатады. Балаға ұнайтын әрекетті таңдауға мүмкіндік беріңіз", – деп кеңес берді дәрігер.
Бұған дейін емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Гүлзада Жайшыбекова арықтау үшін күн сайын қанша жаяу жүру керектігін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1985303-almatylyq-dariger-balalarga-kunine-qansa-fizikalyq-belsendilik-qazettigin-aitty/