50 жастан асқан адамдарға арналған бес салауатты әдет
Жарияланған күні:
Гарвард университетінің ғалымдары ауыр созылмалы ауруларсыз 80 жасқа дейін өмір сүру үшін 50 жаста не істеу керек екенін анықтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ Кубанские новости сайтына сілтеме жасап.
BMJ журналында жарияланған жаңа зерттеу үшін зерттеушілер 20 жылдан астам уақыт бойы шамамен 111 000 қатысушының денсаулық деректерін талдаған.
"Біздің зерттеуіміз салауатты өмір салтын ұстанып, қандай да бір ауыр созылмалы ауруларсыз ұзағырақ өмір сүруге болатынын дәлелдейді", – дейді Янпинг Ли.
Зерттеуге сәйкес, ол үшін 50 жастан асқан адамдарға 5 салауатты әдетті ұстану өте маңызды. Олар:
- Темекі тартпау;
- Салмақты қалыпты нормада ұстау;
- Физикалық жаттығулар жасау (күніне кемінде 30 минут);
- Алкогольді асыра пайдаланбау;
- Дұрыс тамақтану.
Зерттеушілер жоғарыда аталған салауатты әдеттердің кем дегенде төртеуін ұстанған 50 жастағы әйелдер орташа есеппен 34 жылдан астам қант диабеті, жүрек ауруы және қатерлі ісік ауруына шалдықпай өмір сүргенін анықтаған.
Салыстырмалы түрде алғанда, салауатты өмір салты критерийлерінің ешқайсысын ұстанбаған әйелдер орташа есеппен аталған ауруларсыз он жылға аз өмір сүрген.
Бес критерийдің кем дегенде төртеуіне сай келетін 50 жастағы ер адамдар созылмалы ауруларсыз 31 жыл өмір сүрген. Олардың салауатты өмір салтын және жоғардағы бес критерийдің бірде-бірін ұстанбаған құрдастары орташа есеппен 23,5 жыл денсаулығына шағымданбай өмір сүрген.
Созылмалы ауруларға көбінесе 50 жаста темекі шегетін және артық салмағы бар ерлер мен әйелдер ұшырайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2005163-50-zastan-asqan-adamdarga-arnalgan-bes-salauatty-adet/