Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ересектер мен балалардың мұрны неге қанайды: қанды қалай тоқтатуға болады

Жарияланған күні:

Ересектер мен балалардағы мұрын қанауының себептері
Мұрны қанап тұрған қыз. Көрнекі сурет: Unsplash / Velizar Ivanov

Мұрынның қанауы денсаулыққа аса қауіпті емес. Ересектерде бұл белгі түрлі аурумен байланысты болуы мүмкін, ал балаларда жарақат алу немесе құрғақ ауа салдарынан пайда болады. Медицина ғылымының докторлары Пунам Сачдев және Дженнифер Робинсон мұрын қанауының негізгі себептері мен оны тоқтату әдістері туралы айтты.

Балалар мен ересектердің мұрын неге қанайды

Мұрынның қанауы 2 жастан 10 жасқа дейінгі балаларда және 50 мен 80 жас аралығындағы ересектерде жиі кездеседі. Әдетте мұрынның қанауы қан тамырлары көбірек шоғырланған кеңсірік арқылы жүреді. Көбінесе қан кету мұрынның арт жақ бөлігінде пайда болады. Мұрынның қанауы егде жастағы адамдарда жиі кездеседі және бұл бет жарақатымен байланысты болуы да мүмкін.

Неліктен балалардың мұрны қанайды?

Неліктен баланың мұрны қанайды? Балалардағы мұрын қанауының себептерін медициналық жарияланымдар авторы Джессика Тиммонс тізіп берді:

  1. Құрғақ ауа. Балалардағы мұрын қанауының ең көп таралған себебі мұрынның қабығын тітіркендіретін және құрғататын құрғақ ауа болып саналады.
  2. Тырнау немесе шұқу. Бұл - мұрын қанауының жиі кездесетін тағы бір себебі. Бала мұрнын тырнап немесе шұқыған кезде ішкі қабаты тітіркеніп, қанауға бейім қан тамырлары зақымдалады.
  3. Жарақат. Баланың мұрнына зақым келген кезде қанай бастайды.
  4. Суық тию, аллергия немесе мұрын қуысының инфекциясы. Мұрынның шырышты қабығының бітелуі және тітіркену тудыратын кез келген ауру мұрынның қанауына себеп болуы мүмкін.
  5. Бактериялық инфекция. Бактериялық инфекциялар теріде оңай зақымдалатын қабыну, қызару және қабыршақтану жағдайларын тудыруы ықтимал.

Егер балаңыздың мұрнының қанауы бұл себептерге қатысты болмаса, дәрігердің кеңесіне жүгініңіз. Сирек жағдайларда мұрынның жиі қанауы қанның ұйығыштығымен байланысты мәселелер туындатады.

Ересектердің мұрын қанау себептері

Неліктен ересек адамның мұрны қанайды? Медицина ғылымдарының докторы Дженнифер Робинсон жазуынша, ересектердің мұрын қанау себептері мынадай болуы мүмкін:

  1. Құрғақ климат немесе құрғақ жылы ауа.
  2. Мұрынды шұқу немесе шамадан тыс тырнау.
  3. Жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясы.
  4. Жиі және қатты сіңбіру.
  5. Мұрынның жарақаттануы.
  6. Кеңсіріктің қисаюы.
  7. Аллергияның болуы немесе мұрынның шырышты қабатын құрғататын аллергияға қарсы дәрі-дәрмектер (антигистаминдер және ісінуді басатын өнімдер).
  8. Қан сұйылтатын өнімдерді қабылдау.
  9. Аспиринді тұрақты ішу.
  10. Мұрынға себетін тамшылар қолдану.
  11. Тыныс алу жолдарын тітіркендіретін химиялық заттар (аммиак, жану өнімдері).
  12. Жүктілік. Жүктілік кезінде қан ағысы күшейеді, қан тамырлары кеңейеді.
  13. Көп мөлшерде ішімдік ішу.

Неліктен ересектердің мұрнынан ұйыған қан ағады? Ұйыған қан мұрындағы қабыну процесінің салдарынан болуы мүмкін, сонымен қатар дене температурасын көтеретін жұқпалы аурулар кезінде де пайда болады. Сирек жағдайда кездесетін қан ауруларында қанның ұйып қалуы ықтимал.

Мұрынның қанауын қалай тоқтатуға болады?

Медициналық зерттеулер авторы Нил Александр Крулевиц көп жағдайда мұрынның қанауын компрессия арқылы тоқтатуға болады деп жазады. Мұндайда тікелей қысымды да, мақта тығындарын (тампон) да қолдануға болады.

Ересек адамның мұрын қанаған кезде қалай тоқтатуға болады? Медицина ғылымдарының докторы Пунам Сачдев мынадай әрекет жасауға кеңес береді:

  1. Сабыр сақтаңыз және босаңсуға тырысыңыз. Денені қатайтып алу және күйгелектік қанның ағуын одан сайын күшейтеді.
  2. Отырыңыз, бірақ жатпаңыз. Басыңызды жүрек деңгейінен жоғары ұстаңыз.
  3. Алға еңкейіңіз. Бұл қанның тамақтың артына қарай өтуіне жол бермейді.
  4. Танауыңызды қысыңыз. 5-10 минут бас бармақ пен сұқ саусақ көмегі арқылы жабыңыз, ауызбен демалыңыз. Бұл қан кету аймағына қысым жасайды және қанның тоқтауын жылдамдатады.

Баланың мұрны қанағанда қалай тоқтатуға болады? Мұрындағы қанды тыю үшін денсаулық туралы мақалалардың авторы Зана Виллинсаның кеңесіне жүгініп көріңіз:

  1. Баланы орындыққа отырғызып, басын сәл алға еңкейтіңіз. Егер шалқайып отырса, қан тамағына қарай түседі. Оның дәмі жағымсыз әрі баланың жөтелуіне, тіпті құсуына себеп болуы мүмкін.
  2. Кеңсірік астындағы мұрынның жұмсақ бөлігін қысыңыз. Мұрны қысылған кезде бала аузымен демалу керек.
  3. Мұрынды 10 минут қысып ұстаңыз. Сондай-ақ қанның ағуын азайту үшін кеңсірік тұсына мұз қоюға болады.

Егер мұрынды 10 минут қысқаннан кейін қан тоқтамаса, дәрігердің көмегіне жүгіну керек, әсіресе мұрынның қанауы жарақаттанудан туындаса немесе тыныс алу қиындай түссе дереу маманға қаратқан жөн.

Қан тоқтағаннан кейін мұрынға қол тигізбеген дұрыс және сіңбірмей тұра тұру керек. Бұл қайтадан мұрынның қанауын тудыруы мүмкін. Біраз уақыт өткен соң ғана мұрын қуысында қалған ұйыған қанды тазарту үшін ақырындап сіңбіріңіз.

Ересектер мен балалардағы мұрын қанауының себептері
Мұрны қанаған әйел қанды тоқтатуға әрекет жасап тұр. Көрнекі сурет: Freepik

Мұрынның қанауы балаларда да, ересектерде де жиі кездеседі. Әдетте бұл адам өміріне қауіп төндірмейді, бірақ бұл жағдай жарақаттанумен немесе коагулянттарды қабылдаумен байланысты болса, дәрігер жүгіну керек. Қанды тоқтату үшін мұрынды саусақтарыңызбен 10 минут қысыңыз. Басыңызды артқа емес, алға еңкейтуді ұмытпаңыз.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген емдеу әдістеріне жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Jennifer Robinson. Nosebleed Causes // WebMD. — 2022. — 17 September. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/first-aid/causes-nosebleeds
  2. Neil Alexander Krulewitz, Megan Leigh Fix. Epistaxis // PubMed. — 2019. — 37(1):29–39. — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/30454778/
  3. Poonam Sachdev. Nosebleeds // WebMD. — 2021. — 19 October. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/first-aid/nosebleeds-causes-and-treatments

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2006621-eresekter-men-balalardyn-murny-nege-qanaidy-qandy-qalai-toqtatuga-bolady/