Аяқ-қолдың үнемі мұздау себебі неде: дәрігер жауап берді
Жарияланған күні:
Аяқтың тоңуы - дененің суыққа уақытша реакциясы. Бірақ аяқтың уақытша ғана емес, үнемі мұздауы қандай да бір аурудың белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне Алматыдағы №21 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Ажан Аманкелдиева толығырақ айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, аяқтың үнемі тоңып жүруі адамға жайсыздық қана тудырмайды. Сонымен қатар аурудың белгісі болуы мүмкін.
"Тамыр ауруларына шалдыққан адамдардың аяғы мұздайды. Бұған созылмалы аурулар, капиллярлық қан айналымының ерекшеліктері әсер етеді", - деп түсіндірді Ажан Аманкелдиева.
Жалпы тәжірибе дәрігері аяқ-қолдың үнемі тоңып жүруінің жиі кездесетін себептерін атап өтті.
Аяқтағы қанайналымның нашарлығы
Аяқ - жүректен ең алыс орналасқан мүше, сондықтан қан айналымы ақауларын аяқтың мұздауынан байқауға болады. Сонымен қатар аяқтағы қан тамырлары - денедегі ең кішкентай және сезімтал тамырлар, олар тез зақымдануға бейім келеді.
Қаназдық
Қаназдық гемоглобиннің (эритроциттер) жетіспеушілігіне байланысты туындайды. Күнделікті тағам тұтыну кезінде темір жеткіліксіз болса, ағза қанды дұрыс оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Бұл қауіпті аурулардың туындауына әкеп соғады.
Бірінші және екінші типтегі қант диабеті
Бірінші және екінші типтегі қант диабеті қан айналымы проблемаларын тудыруы мүмкін. Аяқтағы қан айналымы бәсеңдеп, үнемі тастай суық болады. Бұл белгілер таңертең, кешке және ұйқы кезінде анық байқалады.
Жүйке жүйесіндегі ақаулар
Аяқтың мұздауы - күйзеліс пен мазасыздықтың салдары. Бұл адреналин гормонының бөлінуіне байланысты. Адреналин деңгейінің жоғарылауына байланысты ағзада түрлі өзгерістер болады, нақтырақ айтсақ, ағзадағы көптеген функцияға және қан айналымына әсер етеді.
Неврологиялық белгілер
Жылы ауа райы уақытында аяқ үнемі тоңа берсе, оған омыртқааралық жарық (грыжа) себеп болуы мүмкін. Бел омыртқадағы жүйке талшықтары бұзылса, аяқтағы қанайналым жұмысын бәсеңдетеді.
Гипотиреоз
Аяқтың тастай суық болуы гипотиреоз белгісі болуы мүмкін. Жалпы халықтың шамамен 5%-ы осы аурумен ауырады. Қалқанша безі - адам бойындағы энергияның көзі. Гормондарды реттейтін орган дұрыс істемеген жағдайда аяқ үнемі тоңып жүреді.
В12 дәруменінің тапшылығы
Бұл дәрумен ағзада қан жасушаларын жаңарту, жүйке жүйесін реттеуде маңызды рөл атқарады. Адам ағзасы В12 витаминін өздігінен өндіруге қабілетті емес, сондықтан оны жеткілікті мөлшерде дәрігер кеңесімен қабылдау өте маңызды. В12 дәрумені жетіспегенде, аяқтың тоңғанынан бөлек, физикалық және неврологиялық белгілер, соның ішінде ұйқышылдық, денедегі шаншу байқалады.
Рейно синдромы
Бұл - қан айналымы жүйесінің ауруы, атап айтқанда, саусақтар мен аяққа әсер етеді. Бұл синдром төмен температура мен күйзелістік жағдайларға байланысты тамырлардың спазмасынан туындайды.
Сонымен қатар Ажан Аманкелдиеваның айтуынша, аяқтың мұздай болуы аяқ-қол артериясының тромбпен бітелуі мен созылмалы веноздық жеткіліксіздіктің (қанның аяққа жиналуын тудырады) белгісі болуы мүмкін.
Дәрігердің сөзінше, аяқ үнемі мұздай болса, мамандармен кеңесіп, қажетті ем-шараны қабылдау керек. Сондай-ақ дәрігер аяққа арналған жаттығуларды жиі жасап түруға кеңес береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2009627-ayaq-qoldyn-unemi-muzdau-sebebi-nede-dariger-zauap-berdi/