Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысында шахтадағы апаттан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қалай

Жарияланған күні:

Шахтадағы адам
Шахтадағы адам, Көрнекі фото: pexels.com / ArtHouse Studio

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның "Қазақстан" шахтасында болған жағдай бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Primeminister.kz ресми сайтында хабарлады.

Министрлік мәліметінше, бірінші кезекте үкімет басшысы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 17 тамызда сағат 10:05-те шахтада конвейерлік таспаның тұтануы орын алғанын баяндады. Жедел әрекет ету шеңберінде апатты жою жоспары дереу іске қосылып, жұмысшыларды жер үстіне шығару ұйымдастырылды. Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған.

Сағат 13:50-дегі жағдай бойынша 222 кенші жер үстіне шығарылды. Шахтада қатты түтіннің болуына байланысты тағы бес кенші шыға алмады.

Құтқару жұмыстары барысында сағат 17:20-да бір кеншінің денесі табылды. 18 тамызда сағат 08:10-да жоғалған екінші кеншінің денесі табылды. Қазіргі уақытта тағы үш кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", – делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, температураның жоғары болуына, шахтаны түтін басуына және сәйкесінше, өндіріс орнының қолжетімсіздігіне байланысты өрт ошағы әлі де оқшауланбаған. Қазір шыққан өртті шахтаның өзге жағынан сөндіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.

"Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ақпаратынша, апат салдарынан 13 адам зардап шеккен. Олардың тоғызы улы газдармен уланып, оның ішінде ауыр дәрежеде иіс тиіп, Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Бүгінде екі шахташы жансақтау бөлімінен ауыстырылды. Науқастардың жағдайы – орташа ауырлық дәрежеде, тұрақты. Естерін біледі. Ауыр интоксикация синдромы мен энцефалопатия жағдайды ауырлатып тұр. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты", – деп атап өтті министрлікте.

Тағы төрт адам Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізілген. Екі адам амбулаториялық емделуге жіберілген, тағы екі адам стационарлық ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы – орташа ауыр деңгейде.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр "Қазақстан" шахтасындағы апаттың себептерін жан-жақты тексеру үшін комиссияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

"Әлихан Смайылов тиісті шешімдер қабылдау үшін ТЖМ мен Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және экологиялық аудиттерді жедел аяқтауды талап етті", – деді министрліктің баспасөз қызметінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2033044-qaragandy-oblysynda-saxtadagy-apattan-zardap-sekkenderdin-qazirgi-zagdaiy-qalai/