Қарағанды облысында үш адамнан сібір жарасы анықталды
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚарағанды облысында үш азаматтан сібір жарасы анықталған, екі азамат медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды, деп хабарлайды облыс әкімдігі ресми сайтында.
Ведомствоның хабарлауынша, Топар кентінде үш адамнан сібір жарасы анықталған, тағы екі адам дәрігерлердің бақылауында.
Сондай-ақ науқастармен байланыста болған 30 адам анықталып, олар медициналық бақылауға алынды. Науқастармен байланыста болғандардың барлығымен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме әңгіме жүргізілген.
Жеке аулада қожайындары 8 айлық бұқаны союға мәжбүр болған. Мал иелерінің айтуынша, мал ауру күйде болған, сондықтан тұрғындар оның етін сатуды жоспарламаған.
Мәжбүрлеп сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылады.
"Жағдай уәкілетті қызметтердің толық бақылауында. Оқиға орнында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының, республикалық эпизоотияға қарсы топтың бір топ қызметкерлері жұмыс істеуде", - деп жазады әкімдік ресми сайтында.
Топар кентінде індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитариялық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.
Барлық тексерілген ошақта дезинфекция жүргізілді, ветеринарлар үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометриядан өткізіп, егу жұмыстарын жүргізуде.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілді", - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Кентке Абай қаласынан кіре берісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылған. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ.
Сондай-ақ кенттен малды әкетуге, әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жемшөп қоспаларын әкетуге тыйым салынды.
Әкімдік қазақстандықтарды дүрбелеңге салынбауға және жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2042659-qaragandy-oblysynda-us-adamnan-sibir-zarasy-anyqtaldy/