Алматыда алғаш рет қалқанша безінің түйіндерін операциясыз алып тастау әдісі енгізілмек
Жарияланған күні:
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында қалқанша безінің түйіндік түзілімдерін емдеудің жоғары тиімді әдісі – радиожиілікті аблация енгізілуде. Бұл туралы институттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ғылыми-зерттеу институты өкілдерінің мәліметінше, Түркістан облысынан 47 жастағы әйел адам мен Жамбыл облысынан 43 жастағы ер адамға аз инвазивті операция жасалады.
Екі науқасқа да уытты емес бір түйінді зоб диагнозы қойылған.
"Біздің клиникада терапиялық бейіндегі пациенттер, соның ішінде қант диабеті, қалқанша безінің аурулары және т.б. науқастарға медициналық көмек көрсетіледі. Қалқанша безінің қатерсіз түйіндерін емдеудің бірегей, аз инвазивті әдісі – радиожиілікті аблацияны енгізу біздің пациенттерге хирургиялық араласусыз қалқанша безінің түйіндік түзілімдерінен арылуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", - дейді ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Аз инвазивті операция жасауға алматылық дәрігерлерге Астана қаласынан интервенциялық онкорадиолог Нияз Малаев көмектеседі.
"Радиожиілікті аблация – ісік тініне әсер етудің заманауи әдістерінің бірі. Оның мақсаты - ісікті толығымен жою, осы әсердің нәтижесінде қалқанша без түйіндерінің патологиялық жасушалары жойылады, бездің сау тіндері зақымдалмайды. Бұл әдіс қалқанша безінің түйіндерін хирургиялық алып тастауға тамаша балама болып саналады", - деп атап өтті Нияз Бейсенұлы.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда қалқанша безінің қатерсіз түйіндік ісіктерін хирургиялық алып тастауды қамтитын стандартты терапия қолданылған.
Қалқанша безін аблациялау процедурасын пациенттер жақсы өткереді және шамамен 30 минуттай уақытты алады. Процедурадан кейін шамалы ауырсынудың пайда болуы қосымша ауырсынуды басуды қажет етпейді. Радиожиілікті аблация қауіпсіз. Бұл әдістің артықшылығы – аз инвазивтілік және процедураның қысқа мерзімділігі, жақсы терапиялық әсер және асқынулардың болмауы.
Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу институтында мамандар даярлауды және көрсеткіштер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, қалқанша безінің қатерсіз түзілімдерін РЖА жүргізуді жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2064101-almatyda-algas-ret-qalqansa-bezinin-tuiinderin-operaciyasyz-alyp-tastau-adisi-engizilmek/