Көктемде ағзаны қандай дәрумендермен толықтырған жөн: дәрігер кеңесі
Жарияланған күні:
Алматылық дәрігер Алмаш Ардабаева көктем кезінде адам ағзасындағы дәрумен тапшылығы және оның салдары жайында айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Маусым ауысқан кезде адамдардың 80 пайызға жуығындща дәрумен тапшылығы туындайды. Бұл туралы №11 қалалық емхана директорының орынбасары Алмаш Ардабаева айтты.
Дәрігер маманның айтуынша, дәрумен тапшылығы денсаулықтың нашарлауына, иммунитеттің төмендеуіне, ал салдары ауруларға әкелуі мүмкін.
ӨКҚ сарапшысы мұны "дәрумен тапшылығы" дегеннен гөрі "гиповитаминоз" – ағзадағы дәрумендердің төмен деңгейі деп атаған дұрыс дейді. Бұл климаттың ерекшеліктеріне, өмір салтына және тағамды талғауға тікелей байланысты.
Көктемгі дәрумен тапшылығының белгілері мынадай:
- апатия және бұрын ләззат алған нәрселер мен әрекеттерге қызығушылықты жоғалту;
- суық тию және мұрыннан су ағу жиілейді;
- бір немесе бірнеше созылмалы аурулар өршиді;
- ұйықтап кету қиындайды, ал таңертең ұйқыдан тұру одан да қиын болады;
- түнде сағат 2:30-дан 3:30-ға дейін жиі ояну;
- теріде безеудің пайда болуы немесе терінің шамадан тыс құрғауы;
- шаштың ұштануы және тырнақтың бөлінуі;
- іш қату, бұзылу және гастрит түрінде асқазан-ішек жолдарында бұзылыстың пайда болуы;
- қызыл иектің кенеттен қанап кетуі;
- зейіннің болмауы;
- бастың жиі ауыруы;
- құлақтың шулауы және жеңіл бас айналу.
"Осы тізімнен кемінде екі белгі болса, бұл көктемгі авитаминозбен жедел күресу қажеттігін білдіреді", – деді Алмаш Ардабаева.
Көктемгі дәрумен тапшылығы ересектерде ғана емес, балаларда да байқалады. Осы кезеңде адамның өзін қалай сезінетініне мән беру керек.
Дененің дәрумендік әл-ауқатының маңызды кепілінің бірі – дұрыс және теңдестірілген тамақтану.
Сарапшы диетаға көбірек балық, жаңа сығылған шырын, түрлі көкөніс, жеміс және шөптерді қосуды ұсынады. Консервіленген тағамдардан бас тартып, ағзадағы дәрумендердің деңгейін бақылау маңызды.
Теңдестірілген диетадан басқа, таза ауада жиі серуендеу және тұрақты спорт жаттығулары дәрумен тапшылығын жеңуге көмектеседі.
"Есіңізде болсын, витамин тапшылығының назардан тыс қалған белгілері ауруханаға жатқызуға дейін апаратын медициналық араласуды қажет ететін ауыр ауруларға әкелуі мүмкін", – деп ескертті дәрігер.
Дәрумен тапшылығы салдарынан болған ангина (тонзиллит), суық тию белгілері, мұрынның бітуі, құлақтың қабынуы (отит) сияқты аурулардан емделуде лор-дәрігер көмектеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2073372-koktemgi-darumen-tapsylygy-agzany-qandai-darumendermen-tolyqtyrgan-zon/