"Жағдай тек нашарлады": ДДСҰ өкілі тырысқақ індетінің қаупі туралы ескертті
Жарияланған күні:
Читать на русскомДүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы әлемде тырысқақ ауруының көбеюіне байланысты бұған назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері бұл мәселе ушыға түскен, деп хабарлайды ТАСС агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тырысқақ және эпидемиялық диареялық аурулар тобының жетекшісі Филипп Барбоза "әлем бойынша тырысқақ індетінің күшеюіне" назар аударды. Ол климаттың өзгеруі салдары мен дер кезінде емделуге қаржы жетіспеуінен жағдай қиындап отырғанын атап өтті.
Былтыр қаңтарда ДДСҰ бұл аурудың өршуін үшінші деңгейдегі төтенше жағдай, яғни ең жоғары деңгей деп бағалаған еді.
"Содан бері жағдай тек нашарлады", - деді Барбоза.
Кейінгі мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың басынан 2024 жылдың 31 наурызына дейін 31 елде тырысқақ ауруын жұқтырған 824 479 адам тіркеліп, 5 900 адам қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, тырысқақ - ластанған тамақ немесе су ағзаға түскен кезде тырысқақ Vibrio cholerae бактериясы тудыратын жедел диарея инфекциясы. Бұл - ластанған тамақ немесе су арқылы жұғатын өте жұқпалы ауру.
Тырысқақтың ауыр түрлері емделмеген жағдайда бірнеше сағат ішінде өлімге әкелуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2090003-zagdai-tek-nasarlady-ddu-okili-tyrysqaq-indetinin-qaupi-turaly-eskertti/