Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үш қызын мәпелеп отыр": Алматы облысында қатерлі ісікке шалдыққан азамат көмекке зәру

Жарияланған күні:

Қанат Шамаев
Қанат Шамаев. Фото: жеке мұрағат/ KAZ.NUR.KZ

Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны Қанат Шамаев өткен жылдан бері тік ішектің қатерлі ісігімен күресіп келеді. Бүгінде үш қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке қазір жұмысқа да жарамайды. Осыған дейін емге бар жиған-тергенін жұмсаған отбасы енді көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шамаев Қанат Маратұлы 1977 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылында дүниеге келген. Үш қыздың әкесі өмір бойы жұмыс істеп, отбасын ешкімнен кем қылмай асырап келген.

2023 жылдың 22 қазан күні Қанат Шамаевқа "Метастаздары бауырға тараған 4-сатыдағы тік ішектің қатерлі ісігі. Аденокарценома G2" ауыр диагнозы қойылады. Ал қараша айының 13-і күні ота жасалып, колостомия жасалады. Қазір отағасы үлкен дәретке табиғи жолмен бара алмайды. Бұл оған физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда да кері әсерін беріп жатыр.

"Осыған дейін 9 химия мен таргетті, сәулелік терапия алған. Бірақ ешқандай ем қонбады. Маусым айында Үндістан мемлекетіндегі Аполло клиникасына барып, ем ала бастадық. Жақсы нәтиже болады деп үміттеніп отырмыз. Өйткені біздің диагнозбен барғандар жақсы нәтижемен қайтып жатыр.

Өкінішке қарай, шілде айында қаражатымыздың жетпеуіне байланысты қайтып келдік. Өз күшімізбен бұл жүкті көтере алмайды екенбіз. Сол үшін халықтан көмек сұрап, ақша жинауды бастап кеттік. Негізі керек сома 20 млн теңге. Қазір тек 5 млн теңге жинадық. Осыған дейін ешкімнен көмек сұрамай, өз жиған-тергеніміз, жақын дос, туған-туыстың көмегімен келдік", - деді Қанат Шамаевтың жұбайы Мәншүк Шамаева.

Қанат Шамаев отбасымен
Қанат Шамаев отбасымен. Фото: жеке мұрағат/ KAZ.NUR.KZ

Қанат Шамаев әр химиясын елде ақылы түрде алып жүрген. 47 жастағы азамат отасын да Ұлттық ауруханада ақылы түрде жасатыпты.

"1 химия 500 мың теңгеге шығып отырды. Таргетті терапия қосылғанда күшіміз жетпей, тегін алдық. Елде алған 8 химияның ешқандай көмегі болмады. Мұндағы жұмсалған қаражат шамамен 4-5 млн теңгеге жуықтады. Үндістанда тексеру мен томотерапия, химия мен таргетті терапияны қосқанда 7 млн теңгедей жұмсадық. Енді Үндістан елінен 3 химия мен таргетті өзімізбен сатып алып келіп отырмыз. Елде қабылдаймыз. Тамыз айында қайта барып, нәтижесін көреді. Отаға дайындалуымыз керек", - деді Мәншүк Шамаева.

Жұбайының айтуынша, Қанат – өте ақкөңіл, жомарт әрі жанашыр азамат. Оның ата-анасы мен бауырларына қамқорлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал қыздарын алақанына салып, мәпелеп отырған әкенің мейірімділігі жайлы тіпті тоқтаусыз әңгімелеуге болады.

Қанат Шамаев 15 жылдан бері "МХ-СЕРВИС" ЖШС жүргізушісі қызметін атқарады.

"Жұмысында беделді, еңбекқор, сыйлы. Ауырған кезде бастығы өте жақсы көмектесті. Жұмысын жеңілдетіп ыңғайластырды. Қаржылай үнемі көмек беріп отырады. Қазір ол жұмысқа жарамаса да, ұжымы "сен жазылып келесің, орныңа ешкімді алмаймыз" деп демеу беріп отыр.

Қанат – өте қамқор әке. Ауырып жүрсе де, қыздарының аяқ киімінің бауын байлап, еркелетіп отырады. Қандай болса да, қыздарының жанында осылай қамқор болып жүрсе екен дейміз", - дейді келіншек.

Реквизиттер:

Halyk Bank

4405639805071337

+7 (708)-190-71-63 Мәншүк Ш.

Kaspi Bank

4400430139589623

+7 (708)-190-71-63 Мәншүк Ш.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2129859-ush-qyzyn-mapelep-otyr-almaty-oblysynda-qaterli-isikke-shaldyqqan-azamat-komekke-zaru/