Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дезодорант әлде антиперспирант: жазда қайсысын қолданған дұрыс

Жарияланған күні:

Себілетін спрей
Себуге арналған дезодорант. Көрнекі сурет: pixabay.com

Терлеу - табиғи жағдай. Дегенмен адамдар жаздың күні терлеп, жағымсыз иіс шығып жүргенді қаламайды. Сондықтан барынша күтім жасап, терді басатын, хош иіс шығарып тұратын өнімдерді сатып алады. Бұл мақаламызда жаздағы ыстықта дезодорант немесе антиперспиранттың қайсысын қолданған дұрыс деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік.

Неліктен тердің иісі болады?

Мамандар негізгі гигиеналық ережелерді елеусіз қалдырмайтын дені сау адамның терісінен мүлдем жағымсыз иіс шықпайды, шыққан жағдайда да жуынған соң бір-екі сағаттан кейін аздап иіс пайда болатынын айтады. Мұның себебі адамның денесінен тер шығаратын бактериялармен байланысты дейді дәрігер Киран Миан. Олар әсіресе ылғалды дене бөліктерінде көбейеді. Мысалы қолтықта, іш қатпарларында (егер дене салмақ болса), сүт бездерінің астында (егер әйелдің омырауы үлкен болса), шап арасында болады.

Жасөспірімдерде (жыныстық жетілу кезінде), жүкті әйелдерде (гормондық өзгерістерге байланысты), қант диабетімен ауыратын адамдарда (қант деңгейінің айтарлықтай жоғарылауы), жүрек немесе бүйректің ауыр ауруларымен ауыратын адамдарда тердің иісі өткір болуы мүмкін. Қалқанша безінің гиперфункциясы бар адамдарда зат алмасу бұзылыстарына байланысты иіс пайда болуы мүмкін.

Дезодорант пен антиперспиранттың айырмашылығы қандай?

Көп адам бұл атауларды синоним ретінде пайдаланады, бірақ іс жүзінде дезодорант пен антиперспиранттың міндеттері мүлдем басқа.

Мәселе иіске қатысты болса, дезодорант қолдану керек, ал шамадан тыс терлеу мәселесі болса, антиперспирантты таңдауға болады. Терлемей жүргісі келетін адамдар антиперспирант қолданса болады дейді Нью-Йорк қаласындағы дерматолог-дәрігер Киран Миан.

Егер екі жағдай да мазасала, дезодорант пен антиперспирантты біріктірген өнімдер бар. Дегенмен дезодорант немесе антиперспирантты жиі және көп қолдануға мәжбүр болсаңыз, дәрігерден кеңес алу керегін де ойланған жөн.

Қайсысы қауіпсіз: дезодорант немесе антиперспирант?

Біріншіден, дезодоранттар антиперспирант сияқты тер бездерін бітеп тастамайды. Екіншіден, адамдар арасында антиперспирантты қолданбай тұрып антиперспиранттің қауіпсіз емес екенін сұрайтын адам аз. Осы орайда аллергиялық реакция тудыруы мүмкін хош иістендіргіштер мен компоненттер қосылмаған дезодоранттар бар екенін айта кету керек. Кейбір өнімдерде "дерматолог мақұлдаған" деген жазу болады.

Дезодорантты таңдағанда құрамындағы табиғи ингредиенттер (мысалы, шай ағашы майы) мен табиғи хош иістендіргіштерге мән беру керек.

Бірнеше жыл бұрын алюминий тұздары бар антиперспиранттардың құрамындағы алюминий хлориді, алюминий хлоргидраты кейбір ісік түрлерінің (мысалы, сүт безі обыры) даму қаупін арттыруы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Дерматолог Бондареваның айтуынша, бұл туралы ешқандай дәлел келтірілмеген. Дегенмен дәрігердің пікірінше, адамдар антиперспиранттарды қолдану жиілігі туралы ойлануға мәжбүр ететін мына жағдайды еске салды:

Зиянды заттар ағзада жиналып қалуы мүмкін. Әсіресе құрамында алюминий тұздары бар өнімдерді ұзақ жыл бойы күн сайын қолтығына жағып жүрген адамдар мұны есте ұстауы керек. Негізінде құрамында алюминийі бар косметика мен ыдыстарды пайдаланбаған абзал.

Құрамы шөптерден тұратын антиперспирант та бар (мақта, бамбук ұнтағы). Сарапшы мамандар мұндай өнімді үнемі пайдалануға болатынын айтады. Алюминий тұздары негізіндегі антиперспиранттарға келетін болсақ, оларды қант диабетімен, астмамен ауыратындар және аллергиясы бар адамдар абайлап қолдану керек, - дейді мамандар.

Аяқ киім киген қыз
Аяқ киімінің бауын байлап отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

2005 жылы Америка Дерматология Академиясының журналында жарияланған шағын зерттеуге сүйенсек, дезодоранттар да, антиперспиранттар да денедегі тердің иісін кетіреді деген тұжырым жасалған.

Бұл зерттеуге 53 ер адам қатысқан. Олар бір қолтығына антиперспирант, екіншісіне дезодорант жағып, бес күн бойы тәжірибе жасаған.

Зерттеушілер олардың денесінен шыққан иісті бірінші, үшінші және бесінші күннен кейін бағалады. Бес рет қолданғаннан кейін антиперспирант 12 сағат өткен соң иісті 29 пайызға, ал дезодорант 12 сағаттан кейін иісті 27 пайызға азайтқан екен.

Дезодорант пен антиперспирантты қалай қолдануға болады?

Басқа косметика түрлері сияқты дезодорант пен антиперспирантты тұтыну кезінде бірқатар маңызды шарттарды орындау керек:

  • Өнімді тек таза денеге жағыңыз.
  • Дезодорантты құрғақ теріге жағыңыз.
  • Түнге қарай қолтықты жуып жатыңыз.

Дезодорант құрамында тердің бөлінуіне әсер ететін белсенді компоненттер жоқ, бірақ оның ингредиенттері (мысалы, полисахаридтер немесе табиғи калий алюминийі) ылғалды сіңіруге және жағымсыз иістерді бейтараптандыруға қабілетті. Олар сорғыш мата сияқты жұмыс істейді. Ылғалды сіңіреді және оны сақтайды, теріні тыныштандырады және құрғатпайды. Дезодорант құрамында алкоголь, парабендер, фталаттар және триклозан болмағанын ескеріңіз. Себебі бұл компоненттер теріні тітіркендіріп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сондай-ақ денсаулығыңызға зиян тигізуі мүмкін.

Назар аударыңыз!

Мақала ақпараттық сипатта жазылған. Теріңізге, денсаулығыңызға қатысты қандай да бір мәселені дәрігеріңізбен кеңесу арқылы шешіңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2134182-dezodorant-alde-antiperspirant-zhazda-qaisysyn-qoldangan-durys/