Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызыл тамыр дегеніміз не және оның адам ағзасына қандай пайдасы бар

Жарияланған күні:

Қызыл тамыр
Кептірілген қызыл тамыр. Көрнекі сурет: Freepik / fanjianhua

Қызыл тамыр урологиялық және басқа ауруларды емдеу үшін қолданылады. Бірақ оның қарсы көрсеткіштері де бар. NUR.KZ бұл өсімдіктің пайдасы туралы медицина ғылымдарының докторы Джеральд Фридман пікіріне сүйене отырып және арнайы басылымдарда берілген ақпараттар бойынша мәлімет ұсынады.

Қызыл тамыр дегеніміз не және оның түрі қандай болады?

Қызыл тамыр (Hedysarum neglectum) - бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Жапырақтарының өзіне тән пішініне байланысты ол тиынтақ деп те аталады. Бұрын аюлар қысқы ұйқыдан оянғаннан кейін өсімдіктің жер астындағы бөлігімен қоректенеді деп есептелетін, сондықтан оны аю тамыры деп те атайды.

Қызыл тамыр қай жерлерде өседі? Өсімдік Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде, Сібірде, Солтүстік Моңғолияда және Солтүстік-Батыс Қытайдағы таулы шалғындар мен биік тау белдеуінің тасты беткейлерінде кездеседі. Биіктігі 80 см-ге дейін өседі, маусым-шілде айларында ашық күлгін немесе қызылкүрең-күлгін боп гүлдейді.

Ауыл шаруашылығында жемдік және сүрлейтін өсімдік ретінде пайдаланылады. Фармакология өнеркәсібінде және халықтық медицинада негізінен ағаш тәрізді құрылымы дамыған, ұзындығы 5 м-ге дейін жететін тиынтақтың тамыры қолданылады. Өсімдіктің тамырында пайдалы заттардың көп мөлшері жиналған кезде, яғни күзде медициналық мақсатта қолданылатын шикізат жиналады.

Қызыл тамыр гүлі
Күлгін түсті тиынтақ гүлі. Көрнекі сурет: Wikipedia / Thomas Krucker

Кептірілген және ұсақталған қызыл тамыр екі жыл бойы фармакологиялық қасиеттерін сақтайды. PubMed медициналық басылымының мәліметіне сүйенсек, тиынтақ гүлінің негізгі биологиялық белсенді компоненттері мыналар: полисахаридтер, флавоноидтар, катехиндер, сапониндер және алкалоидтар. Сондай-ақ өсімдік құрамында таниндер мен фитоэстрогендер, аскорбин қышқылы, селен және кейбір аминқышқылы бар.

Қызыл тамыр қандай ауруларға көмектеседі?

Бұл өсімдіктің пайдалы қасиеттері туралы ғылыми зерттеу өте аз, бірақ халық медицинасында оның қасиеттері кеңінен танымал, - дейді North Jersey Oral & Maxillofacial Surgery клиникасының маманы Джеральд Фридман:

Қызыл тамырдың денсаулыққа пайдасы көп, бірақ оны растайтын нақты ғылыми дәлелдер аз. Кейбіреулер бұл тіндердің лимфа дренажын жақсартуға және суық тиюге қарсы күресуге көмектеседі деп есептейді. Енді біреулер оны қант диабеті, жүрек-тамыр аурулары мен қатерлі ісік ауруларының алдын алудың тиімді құралы деп санайды. Кейде ол тіс ауруын жеңілдету үшін қолданылады.

Қызыл тамыр көбінесе ерлердің жыныс жүйесінің бұзылыстарын емдеу үшін қолданылады. Бұл жыныстық белсенділікті қалпына келтіруге, зәр шығару жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіруге, қуықасты безіндегі тоқырау құбылыстарын жоюға, қабыну және үрпінің қабынуы кезінде оның қан айналымын жақсартуға және қуық асты безінің аденомасы кезінде зәр шығару жиілігін азайтуға көмектеседі деп есептеледі.

Әйелдер үшін қызыл тамырдың қандай пайдасы бар? Тиынтақ гүлі жатырдың төмен түсуі мен қан кету кезінде көмектеседі, жалпы әйел денсаулығына пайдалы әсер етеді әрі сүт безі ісіктері мен миома, фибромиоманы болдырмау үшін қолданылады. Өсімдіктің құрамында коллаген мен терінің серпімділігін жоғалту салдарынан байқалатын қартаю белгілерінің пайда болуына жол бермейтін фитоэстрогендер бар, - деп жазады Medical News Today медициналық басылымы.

Әйелдің іші
Ішін ұстап тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сонымен қатар қызыл тамыр көмегімен жалпы денсаулықты жақсарта аласыз. Ол жүректің, қан айналымы жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады.

Қызыл тамырды қалай дұрыс пайдалану керек?

Көп жағдайда қызыл тамыр шай немесе тұнба түрінде ішіледі. Қызыл тамырды қалай қайнатуға болады? 1-2 шай қасық қызыл тамырды бір стақан (200 мл) қайнаған суға құйып, 20 минут қайнатыңыз және сүзіп алыңыз. Иммундық жүйені нығайту үшін 2-3 апта бойы күніне 2-3 рет ½–⅓ стақан ішіңіз.

Ерлерге қызыл тамырды қалай ішуге болады? Простатит, үрпінің қаынып ауыруы (уретрит), қуық асты безінің аденомасы, жыныстық дисфункция және басқа урологиялық ауруларды емдеу үшін қызыл тамырдың тұнбасын дайындаңыз: 50 г тамырды 450 мл арақпен араластырыңыз және бөлме температурасында қараңғы жерде 7-14 күнге қалдырыңыз. Осыдан кейін сүзгіден өткізіп, шайқағаннан кейін күніне 2-3 рет тамақпен бірге ⅓–½ стақан суға 50 тамшы қосыңыз.

Тұнба қабыну процестерін емдеуге көмектеседі. Емдеу курсы 1-3 айға созылады және аурудың түріне, ауырлығына байланысты. Курсты аяқтағаннан кейін бір ай үзіліс жасаңыз. Егер қызыл тамырды дұрыс ішпесе, мигрень, ісіну синдромы, аллергия, бауыр және бүйрек шаншуы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін.

Қызыл тамырға негізделген өнімдерде айқын қарсы көрсетілімдер болмаса да, оларды жүкті және бала емізетін әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалар, гипертониядан зардап шегетін адамдар, бүйрек жеткіліксіздігі, жеке төзімсіздік және қозғыштығы жоғарылаған адамдар қабылдауға болмайды.

Гүл мен шай
Шай құралдары және құмырадағы гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қызыл тамыр – тау жоталарында өсетін, халық медицинасында кең таралған өсімдік. Кептірілген және ұсақталған тиынтақ тамырынан алынған шай мен тұнбалар денсаулықты жақсарту, урологиялық аурулар, суық тию және басқа да ауруларды емдеу үшін қолданылады. Бірақ мұндай өнімдерді дәрігермен кеңескеннен кейін ғана қолданыңыз.

Назар аударыңыз! Материал тек ақпараттық мақсатта жазылған. Мұнда сипатталған емдеу әдістеріне алдымен дәрігермен кеңескен соң жүгіну керек.

Дереккөз:

  1. Lana Burgess, Amy Murnan. What are phytoestrogens? Benefits and foods // Medical News Today. — 2024. — May 20. — Кіру үшін: https://www.medicalnewstoday.com/articles/320630
  2. Xiang Gao, Chunzhen Ren, Linyu Li. Pharmacological action of Hedysarum polysaccharides: a review // PubMed. — 2023. — August 28. — 14. — 1119224. — Кіру үшін: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/37701035/

Рецензент — жоғары санатты дәрігер Михайленко Людмила Анатольевна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2134995-qyzyl-tamyr-degenimiz-ne-zhane-onyng-adam-agzasyna-qandai-paidasy-bar/