Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыдағы апат: күйік шалған жұмысшыларды емдеуге неге мамандар Ресейден шақыртылған

Жарияланған күні:

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда шетелдіктерді тегін емдеу туралы шешім қабылдады
Көрнекі фото: Mikhail Tereshchenko\TASS via Getty Images

Үкімет кулуарында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккендерді емдеуге неге ресейлік мамандар тартылғанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

БАҚ өкілдері министрден: "Қарағандыдағы апатқа байланысты зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ресейден жетекші мамандар тартылғаны белгілі болды. Мамандар неге Ресейден шақыртылды? Бұл елімізде комбустиология, яғни күйік саласының мамандары тапшы екенін, білікті мамандар жетіспей жатқанын көрсете ме?", - деп сұрады. 

"Ресейден мамандар шақыру – жұмыс берушілердің бастамасы. Негізінен айтарлықтай маман тапшы емес. Омбы қаласынан ТЖМ бригадасы қосымша келіп, біздің дәрігерлермен бірге жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыс берушінің ұсынысы бойынша жасалған қадам. Қазақстан тарапынан тиісті көмек ұйымдастырылды. Мұнда күйіктің өте жоғары дәрежеде екенін түсінуіміз керек. Негізінен бүкіл көмек көрсетіліп жатыр",- деп жауап берді Әлназарова.

Сондай-ақ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ұлықбек Медеубеков науқастардың жағдайы туралы айтты.

"Науқастардың көбі термиялық күйік алған. Бесеуінде күйік дәрежесі 70 пен 100 пайыздың арасында, басы, аяқ-қолы ғана емес, бұған қоса ингаляциялық күйік шалған. Сондықтан жағдайлары өте ауыр", - деді Ұлықбек Медеубеков. 

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова шұғыл медициналық көмек көрсететін республикалық орталық ашылатынын мәлімдеді.

"Жылдың аяғына дейін шұғыл медициналық көмек көрсететін республикалық орталық ашылады. Оның ішінде осы комбустиология саласына байланысты тиісті көмек көрсететін барлық құрал-жабдық бар. Бұл қатты күйік шалған науқастарға көмек көрсетуге арналған", - деп жауап берді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2138568-qaragandydagy-apat-ministr-kuiik-shalgan-zhumysshylardy-emdeuge-mamandar-nege-reseiden-shaqyrtylganyn-tusindirdi/