Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ДСМ өкілдері зейнетақы жинағы есебінен тіс емдету неге уақытша тоқтатылғанын түсіндірді

Жарияланған күні:

МӘМС бойынша кімдер тісін тегін емдете алады
Тіс дәрігері мен науқас. Көрнекі сурет: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында уақытша тоқтата тұру жоспарланғанын мәлімдеп, мұндай шешім қабылдауға не себеп болғанын түсіндірді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, "Отбасы банк" Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде мақсатсыз шығару жағдайларын тіркеген.

Банктің мәліметінше, жүргізілген қызметтік тексерулер барысында жалған құжаттар пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталған.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрықтың жобасын әзірлеген.

"Осы бұйрықта протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін алты ай мерзімге уақытша тоқтата тұру көзделген

Осы уақыттың ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті", - делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін елімізде Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидасына өзгеріс енгізілгелі жатқанын, өзгеріске сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалануды уақытша тоқтатуды ұсынғанын жазған едік. Министрдің бұйрығы ашық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Осы ұсынысқа байланысты мәжіліс депутаты Марат Башимов Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, денсаулық сақтау министрлігінің бұл шешімін сынға алды. Депутат денсаулық сақтау министрлігінің зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалануды уақытша алып тастау туралы ұсынысы халыққа қарсы шешім деп бағалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2139310-dsm-okilderi-zeinetaqy-zhinagy-esebinen-tis-emdetu-nege-uaqytsha-toqtatylganyn-tusindirdi/