"Кез келген заңбұзушылық туралы хабарлаңыз": ДСМ қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа бақылауды күшейтіп, қазақстандықтарды заңбұзушылықтар анықталса, дереу 1414 нөміріне хабарласуды сұрайды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жолдап, медициналық қызметтерге қол жеткізуде шектеулер туындаған немесе сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жағдайда дереу 1414 нөміріне хабарласуды сұрайды.
"Өтініштерді Бірыңғай байланыс орталығының (ББО) операторлары тіркейді және тиісті медициналық ұйымдардың қарауына жіберіледі.
Әрбір жағдайды қараудың толық ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін барлық хабарламалар бір мезгілде өңірлік денсаулық сақтау басқармасына, әлеуметтік Медициналық сақтандыру қорының жеке қауіпсіздік қызметіне және Денсаулық сақтау министрлігіне келіп түседі.
Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне толық төзбеушілік атмосферасын құруға ұмтылады. Біз кез келген бұзушылықтар туралы хабарлауды сұраймыз. Біздің азаматтардың белсенді қатысуы барлығына адал және қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін құруда маңызды рөл атқарады", - делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлықтың расталған жағдайларында ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2143084-kez-kelgen-zangbuzushylyq-turaly-habarlangyz-dsm-qazaqstandyqtarga-undeu-zhasady/