Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалпы наркоздан кейінгі кеңестер: анестезияның бұл түрі жайлы не білу керек

Жарияланған күні:

Ота үстелі
Ота жасап жатқан сәт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жалпы наркоз адамның санасын уақытша өшіреді. Сол себепті оянғаннан кейін жанама әсерлер пайда болуы мүмкін. NUR.KZ жалпы анестезия туралы не білу керегін сарапшы Патрик МакКлюр пікірінен және арнайы басылымдардағы материалдар негізінде зерттеп көрді.

Жалпы анестезия алған адам тәнінің ауырғанын сезбейді

Жалпы анестезия дегеніміз не? WINIT клиникасының бас директоры әрі денсаулық сақтау саласының сарапшысы Патрик МакКлюр NUR.KZ тілшісіне берген түсіндірмесінде былай деді:

Жалпы анестезия (наркоз) – дәрі-дәрмектің әсерінен адамның ес-түссіз жағдайда болуы. Соның нәтижесінде науқас ота жасап жатқан кезде ауруды сезбейді. Наркоз арқылы ағзаға ауырсынуды басатын дәрілер енгізіледі, көбіне тамыр арқылы инъекция немесе ингаляция арқылы жасалады.

Бұл күйде науқастың санасы уақытша ұйықтап, оның ауруға сезімталдығы айтарлықтай төмендейді. Ота алдында емделушіге бұлшықет тонусын және жанама әсерлердің ықтималдығын азайту үшін премедикация кезінде миорелексанттар берілуі мүмкін.

Жалпы анестезия қалай жасалады? Патрик МакКлюр мұны былай түсіндірді:

Наркозды қалай салу керегі ота алдындағы жағдайды бағалаудан басталады. Соған байланысты тамыр арқылы салынатын анестезия немесе маска қолдану жағы шешіледі. Бұл препараттар бірнеше секунд ішінде әсер етіп, науқас ес-түссіз күйге енеді.

Егер ота ұзақ болмаса, анестезиялық зат тамыр арқылы енгізіледі, ал ұзақ әрі күрделі оталар үшін инкубациялық түтік немесе тыныс алу маскасы қолданылады, сол арқылы оттегі мен ингаляциялық анестезияға арналған препараттар беріледі.

Емделушінің қолы
Емделуші мен дәрігердің қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кейде емделушілер ота аяқталмай жатып оянады

Дәрі арқылы ұйықтатқан кезде науқас ағзасының маңызды функциялары (қан қысымы, ми және бұлшықет белсенділігі, жүрек соғысы, тыныс алу жиілігі және қанның оттегімен қанығуы) бақылауда болады. Анестезиолог науқасты ота аяқталғанша оянбауы үшін жансыздандырылған күйде ұйқыда ұстайды. Дегенмен PubMed медициналық басылымы жазғандай, басқаша жағдайлар да болуы мүмкін. Егер науқас ота аяқталмай оянып кетсе, оның тәні ауруды сезбейді, бірақ бұл жағдай психологиялық жарақат тудыруы мүмкін.

Ота аяқталып, анестезияның әсері қайтқан соң науқас операция бөлмесінде немесе қалыпқа келу бөлмесінде оянады. Ал анестезия тарқаған соң адам өзін әлсіз және шаршаңқы сезінуі мүмкін. Сондықтан 24 сағат ішінде ағзаға ауыр тиетін жұмыстарды жасауға болмайды.

Отаның күрделілігіне байланысты науқас бірнеше сағаттан кейін ауруханадан шығарылуы немесе стационарлық бақылауға қалдырылуы мүмкін. Сондықтан дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерді өзіңізбен алып жүрген дұрыс әрі хирург пен анестезиологтың кеңесі керек екенін ұмытпаңыз.

Наркоздан бұрын тамақ жеуге және қандай да бір дәрі-дәрмекті ішуге болмайды

WebMD медициналық басылымының мәліметіне сүйенсек, жалпы наркоз салардан 6-8 сағат бұрын тамақтану керек. Анестезияның бұл түрінен ағзадағы барлық бұлшықет, соның ішінде асқазан мен тамақ бұлшықеттері босаңсиды. Сондықтан науқас ес-түссіз жатқанда, аспирация пайда болуы мүмкін, яғни тамақ өңештің орнына өкпеге түседі. Бос асқазан мұның алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ жалпы наркозбен отаға кірерден 4 сағат бұрын су ішуге болмайды.

Ота жасардан 5 күн бұрын және одан кейін қанды сұйылтатын дәрілерді ішпеу керек. Егер жоғары қан қысымына байланысты үнемі дәрі қабылдайтын болсаңыз, оны отадан кемінде 4-6 сағат бұрын ішкен дұрыс, 50-100 мл су ішіңіз немесе тіліңіздің астында ерітіңіз.

Дәрі-дәрмек
Дәрі-дәрмек және қызу өлшейтін құрал. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дәрі арқылы ұйықтатар алдында бірден қуық пен ішекті босату керек. Көзілдірікті, линзаны, протезді, шашты, шаш қыстырғыштарын және денедегі әшекейлерді шешіп тастаңыз, дезодоранттар мен косметикалар, соның ішінде парфюмерия қолданбаңыз.

Жалпы анестезиядан кейін темекі шегуге, су ішуге немесе белгілі бір тағамдарды жеуге болмайды

Наркоздан шыққаннан кейін алғашқы 1,5-2 сағат ішінде тыныштық сақтаңыз, төсектен тұрмаңыз және су ішпеңіз. Өзіңізге келген соң 24 сағат ішінде қышқыл, ащы, ыстық тағамдарды жеуге, газдалған сусындарды ішуге болмайды.

Анестезиядан айыққаннан кейінгі бірінші күні темекі шегуге тыйым салынады және алкогольді сусын ішпеу керек, дәрігер рұқсат етпеген дәрі-дәрмектерді қабылдамаңыз. Кейбір дәрі-дәрмектер (соның ішінде ұйықтататын дәрілер мен транквилизаторлар) анестезияға қарсы препараттармен әрекеттесіп, ағзаға зиянын тигізуі мүмкін.

Жалпы наркоз анестезияның басқа түрлерін қолдануға болмайтын жағдайларда ғана салынады. Жалпы анестезияны қаншалықты жиі жасауға болады? Жалпы анестезия қажет болған жағдайда соңғы алған наркоздан бері өткен уақытты есепке алмастан тағайындалады, алдыңғысынан кем дегенде 1-2 аптадан ерте болмауға тиіс.

Жалпы анестезиядан кейін емделушіде галлюцинация болуы және құсуы мүмкін. Анестезиядан айыққаннан кейін науқастың бас айналуы, тәбетінің болмауы, көңіл-күйдің өзгеруі ықтимал. Көптеген белгі бірнеше сағаттың ішінде басылады.

Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Патрик МакКлюр NUR.KZ оқырмандарына жалпы наркоздан кейін қандай жағдайлардың болуы мүмкін екенін арнайы түсіндірді:

Жалпы анестезияның ең жиі кездесетін қысқа мерзімді жанама әсерлеріне бас айналу, жүрек айнуы, құсу, тамақ ауруы жатады. Кейбір науқастарда уақытша сананың шатасуы немесе амнезия болады. Бұл егде жастағы науқастарда жиі кездеседі.

Сондай-ақ Healthline жалпы анестезияның жанама әсерлері ретінде дауыстың қарлығып шығуын, қалтырау, бұлшықет ауырсынуын, қышу, зәр шығарудың қиындауы мен галлюцинацияны айтады.

Басы ауырған әйел
Басын ұстап тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жалпы анестезия қанша жыл өміріңізді қысқартады? Жалпы анестезия үш жыл өмірді қысқартады деген пікір бар. Бұл болжам ғылыми деректермен расталмаған. Жалпы наркоз кейбір жанама әсерлердің ықтималдығына қарамастан, анестезияның қауіпсіз әдісі болып саналады.

Жалпы анестезия - ұзақ және күрделі хирургиялық процедуралар кезінде ауырсынуды басудың заманауи әдісі. Анестезиялық препаратты енгізгеннен кейін науқас ұйқыға кетеді, қозғалмайды және ауырсынуды сезбейді. Бірақ анестезиядан айыққаннан кейін тағы бір күн бойы әр түрлі жанама әсерлерді сезінуі мүмкін.

Назар аударыңыз! Материал тек ақпараттық мақсатта жазылған. Мұнда сипатталған емдеу әдістеріне дәрігермен кеңескен соң жүгіну керек.

Дереккөз:

  1. Beth Axtell. Side Effects of General Anesthesia: What to Expect // Healthline. — 2023. — May 11. — Кіру үшін: https://www.healthline.com/health/side-effects-of-general-anesthesia
  2. Jennifer Robinson. What to Know Before You Get Anesthesia // WebMD. — 2023. — September 20. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/pain-management/know-before-anesthesia
  3. J. J. Pandit, J, Andrade, D. G. Bogod. 5th National Audit Project (NAP5) on accidental awareness during general anaesthesia: protocol, methods, and analysis of data // PubMed. — 2014. — October. — 113(4). — 540–8. — Кіру үшін: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/25204695/

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2144620-zhalpy-narkozdan-keiingi-kengester-anesteziianyng-bul-turi-zhaily-ne-bilu-kerek/