Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Африкадан келгендерге ерекше назар аударылады": Қазақстанда маймыл шешегіне қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатыр

Жарияланған күні:

Дәрігерлер
Көрнекі фото: Елорда әкімдігінің ресми сайты

Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев елімізде маймыл шешегіне қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Спикердің айтуынша, ауру Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы сияқты елдерде тіркелген. 2022 жылдың мамырында алғаш рет тіркелгеннен бері әлемде 99 мыңға жуық жағдай расталған.

Бұл ретте Қазақстандағы жағдай тұрақты, инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ, дейді вице-министр.

"Тәуекелдерді бағалау жүйелі түрде жүргізіледі, оның ішінде көршілес елдердегі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізіледі. Африка елдерінен, сондай-ақ осы инфекцияны жұқтыру жағдайлары тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Елдер тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Қазақстанда індеттің пайда болу ықтималдығы аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның Қазақстанға енуіне жол бермеу үшін барлық қажет профилактикалық шараны қабылдап жатыр", - дейді Ержан Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік шекара арқылы санитарлық бақылау режимі күшейтілген.

"Осы инфекцияға күдікті науқастар әкелінген және анықталған жағдайда, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша Медициналық қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді

Дәрілік заттар қорының қажет көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Жергілікті жерлерде медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жүргізіледі.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", - деп түйіндеді сөзін спикер.

Еске салсақ, Қазақстан шекарасында маймыл шешегі індетіне байланысты бақылау шаралары күшейтілгенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2150946-afrika-elderinen-kelgen-azamattarga-erekshe-nazar-audarylady-qazaqstanda-maimyl-sheshegine-qarsy-qandai-sharalar-zhurgizilip-zhatyr/