Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалану: түзетулер қоғамдық талқылауға ұсынылды

Жарияланған күні:

Тіс дәрігері
Көрнекі фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізуді талқылауға ұсынды. Қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Құжат жобасын Денсаулық сақтау министрлігі "Ашық НҚА" порталында бір күн бұрын, 28 тамызда жарияланды.

Қаулы жобасындағы мәлімет бойынша емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш беруші немесе оның заңды өкілі біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру үшін БЖЗҚ-дан қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты өз бетінше алады.

Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады, онда Әлеуметтік кодекстің 224-бабының 4-тармағына сәйкес соманы және пайдалану мақсатын көрсете отырып өзінің ЭЦҚ-мен куәландырылып, емделу үшін біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтінішті толтырады.

Алушы жұбайының және жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған жағдайда тараптар алушының жеке кабинетінде біржолғы зейнетақы төлемдерін басқаға беру туралы келісім жасасады, ол некені немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса беріле отырып, олардың ЭЦҚ-сымен куәландырылады. Сондай-ақ баласын емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға жол беріледі.

"Алушы немесе оның заңды өкілі арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін Әлеуметтік Кодекстің 220 - бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес медициналық көмек алу үшін шетелдік ұйымды қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдайды және дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын (бұдан әрі – ДКК) беру туралы өтінішпен өзінің бекітілген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді және алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бейінді маманның қорытындысын қоса береді", - делінген құжатта.

Стоматологиялық қызметтер алу үшін өтініш беруші құжаттарды қоса береді. Стоматологиялық қызметтер алу үшін, ДКК құрамына емдеу жоспары, емдеуге дейін және кейінгі рентген-суреті, стоматологиялық ұйымның медициналық қызметке лизенциясын зерттейітн және ДКК қорытындысын дайындайтын дәрігер-стоматолог кіреді.

Медициналық ұйымның жауапты адамы өтініш берушіге немесе оның заңды өкіліне 026/е нысаны бойынша уәкілетті операторға ұсыну үшін ДКК отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде қорытынды береді және оны медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.

"Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі ДКК қорытындысын алғаннан кейін шетелдік ұйымды қоса алғанда, таңдалған медициналық ұйыммен, одан әрі шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын және ДКК қорытындысын уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы өзінің жеке кабинетінде тіркей отырып, "Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын және ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын бекіту турал" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 4 қарашада № 21559 болып тіркелді) бекітілген медициналық қызметтер көрсету туралы шарт (бұдан әрі – шарт) жасасады.

Алушы ұсынған құжаттар біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатына сәйкес келген кезде уәкілетті оператор алушыдан құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.

Стоматологиялық қызметтер көрсеткен кезде, стоматологиялық клиникада емдеуді бастамас бұрын, ДКК қорытындысын алғаннан кейін, өкілетті оператор емдеу құнының 70 пайыз мөлшерінде аванс төлейді. Қалған 30 пайыз емдеу аяқталғаннан кейін төленеді", - делінген құжатта.

Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

  • бұйрықпен бекітілген 026/е нысанына сәйкес ДКК қорытындысы;
  • медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы шарт және (немесе) сатушы мен алушы арасындағы дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт.

Құжат жобасы 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2154879-elimizde-zeinetaqy-zhinagyn-tis-emdetuge-paidalanu-tuzetuler-qogamdyq-talqylauga-usynyldy/